Қазақстандық ауыр атлеттер ИЫО додасынан 8 алтын медаль ұтты

Қазақстандық ауыр атлеттер ИЫО додасынан 8 алтын медаль ұтты

Қоржынымызда 26 медаль. Оның 8-і алтын. Қазақстандық ауыр атлеттер Ислам ынтымақтастық ойындарын осындай нәтижемен аяқтады. Биылғы байрақты бәсеке Түркияның Конья қаласында өтіп жатыр. Әйелдер арасында жеңіл салмақтағы Зульфия Чиншанло мен ауыр салмақтағы Айзада Муптілдә қарсылас шақ келтірмеді. Әсіресе Айзада серпе көтеруде  116, жұлқа көтеруде 150 келіні бағындырып, Ислам ойындарының рекордын жаңартты. Осы салмақта тағы бір қазақстандық Любовь Ковальчук күміс медаль еншіледі. 76 келідегі Арай Нұрлыбекова мен 81 келідегі Айша Омарова да осындай жетістікке жетті. Ерлер арасында Арли Чонтей алтын, Артём Антропов пен Алексей Чуркин күміс, ал Асылжан Бектай мен Өтепберген Әлиев қола медаль жеңіп алды. Осының арқасында жалпыкомандалық есепте әзірге 5-ші тұрмыз. Топ басында Түркия құрамасы болса, Өзбекстан, Иран және Әзірбайжан спортшылары бір саты  төмен орналасты. Конья қаласындағы ойындар 19 тамызға дейін жалғасады. 

Любовь Ковальчук, ауыр атлетикадан ұлттық құрама мүшесі 

- Мен үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс. Нәтижеге көңілім толады. Алда Азия және Әлем чемпионаттары бар. Сол кезде барлық күшімді салып, көрсеткішімді бұдан да арттыруға тырысам. Ал, негізгі мақсатым – 2024 жылғы олимпиадада топ жару.    

Еркін күрестен әлем чемпионатында Мерей Бозбаев күміс алды 

Әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Қазақстандық Мерей Базарбаев дүниежүізілік доданың финалына дейін жетіп, соңғы белдесуде ғана есе жіберді. Еркін күрестен 20 жасқа дейінгілер арасындағы бәсеке Болгария астанасы София қаласында өтіп жатыр. 57 келіде сынға түскен Мерей іріктеу сындарында украина, үндістан және грекия спортшыларын айқын басымдықпен ұтты. Ал, финалда америкалық Йоре Рассел Волкпен жолығып, 3:2 есебімен есе жіберді.  Осылайша америкалық палуан алтын, ал, қазақстандық Мерей Базарбаев күміс жүлдегер атанды. Қола медаль Үндістан және  Иран спортшыларына бұйырды. 1 күмістің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепке ілігіп, әзірге 5-ші орында тұр. Енді бозкілемге грек-рим күресі мен әйелдер күресінің өкілдері шығады. Жарыстың жалпы қорытындысы 22-ші тамызда белгілі болады.