Генадий Головкин Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін

Генадий Головкин Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін

Ол мексикалық Сауль Альвареспен үшінші кездесуінен кейінгі жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жақында зейнетке шығамын. Мен әлем чемпионымын. Туған елім Қазақстанда жекпе-жек өткізуге міндеттімін» – деді кәсіпқой боксшы.

Еске сала кеткен жөн, Головкин мен Канело шаршы алаңға 17 қыркүйекте шығады. Матч Лас-Вегаста өтеді.

КҮРЕС: АЙДОС СҰЛТАНҒАЛИ ҚОЛА ТАҚТЫ

Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ел қоржынына алғашқы медаль түсті. 60 келідегі Айдос Сұлтанғали турнирдің қола жүлдегері атанды. Айдос грек-рим күресінен бақ сынап, қола медаль үшін өткен кездесуде венгриялық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен жеңді. Осылайша, ол классикалық күрестен Қазақстан командасы сапында жүлде алған жалғыз спортшы атанып отыр. Айдос әлем чемпионатының жартылай финалында қырғызстандық Жоламан Шәршенбековке есе жіберіп, ақтық сынға шыға алмаған болатын.

ҚАЗАҚ ФАЙТЕР UFC РЕЙТИНГІНДЕ МАКГРЕГОРҒА ЖАҚЫНДАДЫ 

Ресейлік қазақ Дамир Исмағұлов UFC рейтингінде жоғарылады. Файтер жеңіл салмақтағы тізімде бірден үш саты көтеріліп, 12-орынға жайғасты. UFC-дің бұрынғы чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор Дамирден тек бір саты, 11-орында тұр.

Айта кеткен жөн, «Qazaq» лақап атымен белгілі Дамир Исмағұлов америкалық ұйымда бес жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Кейінгі жұдырықтасуында Гурам Кутателадзені тізе бүктіріп, жеңіл салмақтағы рейтингте топ-15 қатарына кірді.

ХОККЕЙ: БАРЫС ТРАКТОРДЫ ЖЕҢДІ

«Барыс» хоккей клубы биылғы ҚХЛ маусымында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Барыс Аренадағы» матчта елордалықтар Челябинскінің «Тракторын» 3:1 есебімен ұтты. Айдын қожайындары есеп ашты. «Барыстың» жаңа капитаны Линдон Вей ерекшеленді. Артынша ол Кирилл Савицкийге нәтижелі пас шығарып берді. Үзіліске дейін қонақтардан Теему Пулккинен есеп айырмасын қысқартты. Кездесудің соңғы минуттарында ресейліктер шабуылға шыққан сәтте Линдон Вей бос қақпаға шайбаны тоғытты. Осы жеңісінің арқасында «Барыс» Шығыс конференциясында 3 ұпаймен 9-орынға көтерілді. Ал Қазақстан чемпионаты аясында өскемендік «Торпедо" өз алаңында қосымша уақытта «Ақтөбеден» ұтылды. Қорытынды есеп 4-5.

ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ҮЗДІК ГОЛЫ АНЫҚТАЛДЫ

Футболдан Қазақстан кубогінің ширек финалында «Қайрат» командасының «Ақжайық» қақпасына соққан голы тамыз айының үздігі деп танылды. Өткен айда жанкүйерлердің таңдауына ішкі чемпионат пен кубок аясында соғылған 8 гол ұсынылды. Сауаланама қорытындысы респонденттердің 37 проценті гол авторы Сергей Кейлерге дауыс берді. Екінші орында Қазақстан Кубогының бесінші турында тағы да «Ақжайық» қақпасына «Қайсар» ойыншысы Елисей Горшуновтың дарыған добы болса, үздік үштікті «Қызыл-Жар»командасының жартылай қорғаушысы Жиан Мартинстің «Тұран» қақпасына соққан голы түйіндеді.