Дзюдодан әлем чемпионатында еліміз 14-орында тұр

Дзюдодан әлем чемпионатында еліміз 14-орында тұр

Қазақстан 14-орында. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні 3 бірдей жерлесіміз татамиге шықты. Бірақ жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Десе де, ауыр салмақтағы Нұрлыхан Шарханның еңбегін ерекше атап өту керек. Ұлттық құрамаға енді ғана қосылған жас спортшы алғашқы айналымда корялық, одан кейін алжирлік дзюдошыны ұтты. Бірақ, үшінші айналымда әзірбайжандық Зелим Коцоевқа есе жіберді.  Артынша жарыс алаңына Ислам Бозбаев шықты. Азия чемпионатында топ жарған жерлесімізден осы жолы да үміт зор еді. Бірақ, ол алғашқы жекпе-жегінде-ақ бірнеше ескерту алып, бразилиялық қарсыласынан жеңіліп қалды. Қыздар арасында 78 келідегі белдесулер өтті және бұл сында ел намысын Аруна Жангельдина қорғаған. Ол да екінші айналымнан аса алмады.

Нұрлыхан Шархан, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

Ислам Бозбаев, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

- Бразилия өкіліне есе жібердім. Салыстырмалы түрде физикалық бабым төмендеу болды. Сондықтан айқын басымдық таныта алмадым. Айта кетейін, салмақ ауыстырғаннан бері 5-рет жарысқа шығып тұрмын. Бірте-бірте шеберлігім шыңдалып, тәжірибем толысып келеді. Алайда физикамен арнайы жұмыс істеу керектігін түсіндім. 

Айта кетейік, ұлттық құрама қоржынында әзірге 2 қола бар. Оны жарыстың алғашқы күндері 60 келідегі Елдос Сметов пен 48 келідегі Әбиба Абужақынова жеңіп алған еді. Осының арқасында Қазақстан жалпы есепте 14-ші тұр. Франция мен Нидерланды спортшылары да қос қола еншіледі. Сәйкесінше жалпыкомандалық тізімде бір сатыда тұрмыз. Ал топ басына 10 медаль еншілеген Жапония құрамасы жайғасты. Ташкенттегі жарыс ертең аяқталады. Ал оның жалпы жүлде қоры 1 млн еуроны құрайды.

5555 шақырымдық веломарафон

Жерлесіміз қос дөңгелекті серігімен Түркияға жетті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық велошеру жалғасып жатыр. Жоба авторы Ернат Қашқынов бүгінге дейін 3 мыңнан аса шақырымды артқа тастап, Түркияның Ризе қаласына аялдады. Айта кетейік, Ернат бұл сапарын 5-ші қыркүйекте бастаған болатын. Содан бері Қазақстандағы 4 облысқа, яғни, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстауға табан тіреді. Одан кейін Грузияның таулы-қыратты аумақтарын жүріп өтті. Енді міне соңғы күні 143 шақырымды бағындырып, Түркия жеріне келіп тоқтады. Жоспар бойынша ол 55 күнде 5555 шақырымды еңсереді. Осы аралықта аялдаған жерлерінде ұлт ұстазының еңбегін насихаттайды. Бұған қоса жергілікті халықтың тұрмысы мен тарихы жайында әлеуметтік желіге қазақ және ағылшын тілдерінде ақпарат қалдыруда. Велосапар Стамбұл қаласында мәресіне жетеді.