Ақтөбе облысында теннисші даярлайтын маман жетіспейді

Теннисшілер даярлайтын маман қажет! Қазір бұл мәселе еліміздегі бірқатар спорт мекетептерінің ортақ проблемасына айналған.

Әсіресе халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын жастар тәрбиелеу үшін тәжірибелі жаттықтырушылар жетіспей тұр. Тек Ақтөбе облысында маман тапшылығы жылдар бойы шешілмей келеді.

Альбара Оразбайдың теннис орталығына келіп жаттығып жүргеніне төрт жыл болған. Осы уақыт ішінде сүйікті спорт түріне айналып, бірқатар сайыстардың да жүлдесін иеленді. Алдағы уақытта чемпион болмақ арманы бар.

Альбара Оразбай, оқушы:

- Теннис қатты ұнайды. Мен 2018 жылдан бастап тенниске келдім. Соңғы жарысым Астана қаласында болды. 5 адаммен ойнадым, соның төртеуін жеңіп біреуінен жеңіліп қалдым.

- Нешінші орын алдың?

- Екінші. Алтын тарелка берді.

Бұл теннисті кеңінен дәріптейтін облыстағы ең үлкен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі. Бүгінде мұнда 200-ден астам бала жаттығады. Ал, осында келгісі келетін үміткерлердің саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан жергілікті жаттықтырушылар құрамын қалыптастырып, санын арттыру басты мәселенің қатарында. Себебі, қазір дәріс беріп жүрген 11 маманның жүктемесі аз емес. Оның үшеуі көрші елден шақырылған халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылар.

Наталья Сокольская, теннистен облыстық мамандандырылған БЖСМ директоры:

- Біздегі шетелдік мамандар - Өзбекстан елінен келген. Олардың біліктілігі жоғары. Топ баламен жұмыс істегі үшін айлық-жалақы қарастырылған. Одан бөлек, теннис федерациясы тарапынан да қолдау көрсетіледі.  Ал егер оларға ешқандай жағдай жасалмаса, келісім-шартты бұзуларына құқы бар. Бірақ ол кезде біз жатттықтырушысыз қаламыз.

Бұл мәселе орталықта соңғы он жылдан астам уақыт бойы өзектілігін жойған емес. Енді, жергілікті мамандарды дайындауға мейлінше көңіл бөлу қолға алынған. Сондықтан, бала күнінен осында жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарда үздік өнер көрсетіп жүрген жастарды одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Ал жаттықтырушылар құрамын толық қалыптастыру үшін әлі 7 маман қажет.

Анатолий Солдатенко, "Теннис федерациясы" РҚБ АОФ директорының міндетін атқарушы:

- Біз әрине балалар жаттығусыз қалғанын қаламаймыз. Сондықтан, қолдан келгенше көмектесіп келеміз. Өзіміздің мамандарды дайындауды да естен шығарған емеспіз. Бірақ бұл өте ауқымды іс. Бірнеше жылдың ішінде жаттықтырушы дайындау мүмкін емес. Сондықтан, өзіміз тәрбиелеп өсірген балаларды оқу орындарына жіберіп, біліктілігін арттыруға күш саламыз.

Мамандардың айтуынша, бұл тек жалғыз Ақтөбе өңірінің спорт саласындағы мәселе емес. Болашақ теннисшілерді дайындайтын елдегі барлық ұйымдарға қатысты проблема. Сондықтан да оңтайлы бір шешім боларына үмітті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев