ӘЧ: Қазақстан Венгрияны ұтты

Қазақстан Венгрияны ұтты. Осы күндері Норвегияда шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Айта кету керек, ұлттық құрама А дивизионында өнер көрсетеді. Жарыстың кезекті күні олар Венгрия командасымен жолықты. Алғашқы шайбаны қарсыластар соқты. Тіпті екінші кезең соңына дейін олар 2:0 есебімен алға шыққан. Ал Александр Истомин шәкірттері үшінші кезеңде қарымта 3 шайбамен жауап беріп, жеңісті жұлып алды. Ұлттық құрама сапынан Даниил Цыбин мен Дінмұхамед Қайыржан мергендігімен көзге түсті. "Барыс" шабуылшысы Дінмұхамед Қайыржан дубльдің авторы атанды. Қорытынды есеп: 3:2. Еске сала кетейік, Ұлттық құрама алғашқы ойында Францияға 2:0 есебімен есе жіберген болатын. Енді жерлестеріміз Дания, Словакия және алаң иелері Норвегия командаларымен кездеседі.

Аяна Жолдас Еуропа кубогында жүлдеге ілікті. Фристайл-акробатикадан құрлықтық доданы Финляндияның Рука қаласы қабылдаған болатын. Аяна өз мүмкіндігін сәтті орындап, 78,12 ұпай жинады. Бұл жалпы есепте үшінші орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. Алтын мен күмісті, сәйкесінше, Канада және Германия спортшылары жеңіп алды.