Қостанайлық жас шахматшылар тарихи жеңіске жетті

Қостанайлық жас шахматшылар тарихи жеңіске жетті. Олар Шри-Ланка елінде өткен Азия чемпионатында үш медаль ұтып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бірі - алтын. Жалпы аймақта спорттың бұл түрі қарқынды дамыған. Бірақ дарынды балалардың алға басуын тежеп отырған кедергілер де жоқ емес.

Бұл жеті жасар Иман Набиевтің жеңіс тұғырына көтерілген сәті. Бірінші сынып оқушысы қостанайлық шахмат тарихында тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Оған қоса спорт шеберлігіне үміткер межесін орындады. 

Иман Набиев, шахматтан Азия чемпионы:

- Жеңіс оңай бұйырған жоқ. Тек үндістандық қарсыласқа есе жібердім. Бірақ тоғыз турдың нәтижесінде ұпай саны бойынша бәрінен оздым.

Иман блиц сынында оқ бойы озық болса, классикада қола жүлде еншіледі. Шахматқа бір жарым жыл бұрын ден қойған бала үшін бұл үлкен жетістік.

Иман Набиев, шахматтан Азия чемпионы:

- Аты аңызға айналған шахматшылар көп. Мен ешкімді үлгі тұтпаймын. Жеңіске жетуде қайсыбір стратегияға жүгінбеймін. Ойын барысында бәрі өзінен пайда болады.

Ал Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Ақерке Молдағали Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік сияқты әлем мойындаған шахматшы болуды армандайды. Құрлықтық бәсекеде күміс жүлде тұтқан ол шахматқа күніне төрт сағат уақытын бөледі. Қажырлы еңбектің арқасында осындай биік белеске жеткен.

Ақерке Молдағали, шахматтан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

- Шахматты өзім таңдадым. Ешкім мәжбүрлемеді. Бұрын ойнағанда қатты қобалжып ұтылып қалатынмын. Алайда әр жеңіс сайын бойымдағы өзіме деген сенім нығая түсті.

Шахмат академиясында 80 бала жаттығады. Халықаралық жарыстарға жиі барып тұрады. Соңғы рет жазда Панамадағы әлем біріншілігінде өнер көрсетті.

Дәулет Жақанов, Шахмат академиясының директоры:

- Шахматта жарыс 10-15 күн болады. Ұшып келу, тұру дегендей. Санағанда бір халықаралық турнир бір адамға млн теңгеге шығады балаға, жаттықтырушыға. Мысалы Панамаға 3 млн кетті, Батумиге 2,5 млн кетті. Шри-Ланкаға 2 млн.

Жас чемпиондардың ендігі арманы Грекиядағы әлем чемпионатын бағындыру. Ғаламдық жарыс келер жылдың сәуір айына белгінленген.