Наиль Иминов Tartyl Fest жарысында Қонаев қаласының намысын қорғайды

Жас спортшы, әлем чемпионы Наиль Иминов 18 ақпанда Астанада өтетін Tartyl Fest жарысында Қонаев қаласының намысын қорғайды.

Ол былтыр аймақтық сында бел-темірге 35 рет тартылып, бас жүлдені иеленген. Іріктеу жарысы 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында еліміздің барлық аймағында өтті. Үздік шыққандар енді финалда, күш сынасады.

Наиль Иминовтың жасы 17-де. Street Workout-пен айналысқанына екі жылдан асыпты. «Карантин кезінде бос уақыт көп болғандықтан, көшедегі спорт алаңында жаттыға бастадым», - дейді ол. Көп уақыт өтпей кәсіби жаттықтырушының көмегіне жүгінеді. Бір жылда жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік жарыста рекорд жаңартқан.

Наиль Иминов, әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- 2019 жылдан бастап жаттыға бастадым. Бір жылда әлемдік аренаға шықтым. Украинаның Киев қаласында өткен жарыста брусяда денені 151 рет көтеріп, әлем рекордын жаңарттым. Бұл рекорд әлі күнге өзгерген жоқ. Ол кезде 16 жасқа дейінгі спортшылар категориясында өнер көрсеткен болатынмын.

Қазір Наильдің көп уақыты жаттығу залында өтеді. Өйткені алда жауапты жарыс - Tartyl Fest-тің финалы күтіп тұр. Жарыс талабы бойынша жаңа техникамен дайындалу керек.

Айта кетейік, былтыр Қонаев қаласында өткен аймақтық жарыста Наиль турникке 35 рет тартылып, бірінші орынды иеленген болатын.

Рамиль Аблизов, жаттықтырушы, әлем чемпионы:

-  Қап деп өкінетін сәт болған жоқ. Бәрі ойдағыдай өтті. Қонаевта өткен жарысқа дайындалуға жарты жыл уақыт болды. Тек жарыс бірнеше рет кейінге шегерілді. Сол моральдық тұрғыда аздап шаршатты. Әйтпесе дайындық та, жарыс та өз деңгейінде өтті. Ақтық сында да жеңімпаздар қатарынан көрінеді деп сенемін.

Наильдің бабы келісіп тұр. Енді бағы шапса, алдағы жарыста да биіктен көрінетіні сөзсіз. Ал 18 ақпанда Астанада өтетін Tartyl Fest спорттық жарысына ел аймақтарынан келген 180 атлет қатысады. Жарыстың жүлде қоры 54 млн, ал бас жүлде 3 млн теңге.

 Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов