Қазақстандық әскери қызметкер Гиннестің рекордтар кітабына енді
Әскери қызметкер Бауыржан Әбдіхайым көптеген спортшы мен бозбалаға үлгі.
27 жастағы ефрейтор салауатты өмір салтын насихаттап қоймай, спорт түрлерінен рекорд жаңартып жүр. Шымыр жігіт Қарағанды облысы мен Астана арасын 5 күнде жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қой көтеру сынды ұлттық спорт түрінде де алдына жан салмайды.
Бауыржан Әбдіхайым Түркістан облысы Отырар ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылының тумасы. Жастайынан спортпен айналысып, көкпар тартып өскен сарбаз 2015-2016 жылдары отан алдындағы борышын өтеген соң әскери қызметті жалғастырған.
Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитетінің Алматыдағы Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі бір ай бұрын 500 шақырымды 5 күнде бағындырып, Гиннестің рекордын жаңартқан.
Бауыржан Әбдіхайым, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің аоск әскери қызметшісі:
- Бұған дейін үлкен қашықтықта жүгірмегенмін. Осы 500 километрге дайындалам дегеннен кейін, 2-3 ай 50, 100 километр жүгірдім. Күніне 100 километрден жүгірдік. Мысалы, обед уақытында тоқтасаң аяғың тартылып қалатын уақыттар болды. Обедтің уақытын жүріп бара жатып жеген кездер болды.
Бауыржан ат спортының да шебері. Көкпар тартып өскен сарбаз үшін атпен шауып келе жатып садақ атып, теңге ілу қарапайым жаттығулардың бірі ғана. Әскери қызметші өткен наурызда қойды 2050 рет көтеріп, тағы да рекорд жаңартқан. Армия орталық спорт клубында Бауыржан сынды спорт шеберлері аз емес.
Арман Абеуов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
- Жалпы танымал жігіттер өте көп бізде 200-ден аса. Спорт түрлерінен айтсақ, дзюдо, самбо, бокс, еркін күрес, грек рим күресі, жеңіл атлетика сондай түрлерінен жақсы ұлдар мен қыздар бар.
Әскери қызметші аптасына бір рет Қонаев қаласына велосипедпен барып келуді, Медеуге шығуды әдетке айналдырған. Аздаған жетістіктерім, жасөспірімдерге үлгі болып, олардың жігерлі, намысшыл болып өсуі септігін тигізсе, одан асқан бақыт жоқ, дейді Бауыржан Әбдіхайым.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев