Алматыда шинкиокушинкай каратэден Азия біріншілігі аяқталды

Жасөспірімдер арасындағы дүбірлі дода елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Құрлықтың бірнеше елінен келген 200 ден аса спортшы екі күн бойы өзара мықтыны анықтады. 13 жасқа дейінгі өрендер арасында Ергеш Әмірхан ер мінез танытты. Ол финалда тәжірибелі қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ 15 жасқа дейінгі үміткерлер сайысында Елхан Дәулетбек қарсылас шыдатпады. Алматылық Михаил Бабаевтың да жеңісін жұрт көрді. 8 жасынан каратэні серік еткен Рауан Әмзебектің де бағы жанды. Жалпы командалық есепте жерлестеріміз топ жарды. «Халықаралық федерация бұл жарысты бізге жәйдан-жәй бере салған жоқ. Шинкиокушинкайдың қыр-сырын аз ғана уақытта әбден меңгеріп алған қазақ каратэшілері әлемдік жарыстарда биік белестерді бағындырып жүр. Сондықтан мамандар бізге үлкен сенім артты, сол сенімді ақтадық»- дейді федерация басшылары.

Болат Бақтаев, ҚР шинкиокушинкай каратэ федерациясының преиденті:

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті деп нық сеніммен айта аламын. Алматыға Азия федерациясының вице-президенті жапониялық Фумиаки Нагашима арнайы келіп осы жарысты тамашалады.  Және оң бағасын берді. Болашақта әлем біріншілігін ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз. Қазір Қазақстанда шинкикушинкаймен айналысатын спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Енді алдымызда әлем біріншілігі күтіп тұр. Дүниежүліік жарыста да біздің жігіттер жүлделі орыннан көрінеді деген үміт басым.