Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион УЕФА талабына сай етіп салынады
Елордада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды қайта салуға республикалық бюджеттен 30 млн АҚШ доллары бөлінеді деген ақпарат нақты емес.
Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады. Аталған спорт нысанын қалыпқа келтіру жұмыстары 2021 жылы басталу керек болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты құрылыс кейінге қалдырылып келді.
Чемпиондар лигасындағы қазақстандық клубтардың алғашқы матчы дәл осы стадионда өтті. Ол кезде "Жеңіс" футбол клубы молдовалық "Шериф" командасымен кездескен болатын. Бұл алаңда аты аңызға айналған мәскеулік "Спартактың" жарқын жұлдыздары Тихонов пен Титов та өнер көрсеткен. Ал қазір қаңырап бос тұр. Айнала толы қиранды.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионның сиқы осы. Кезінде дүркіреген жергілікті «Жеңіс» футбол клубының жеңісті күндері дәл осы жерде өтті дегенге сенудің өзі қиын. Өйткені бұл жер қазір апатты жағдайда. Бұдан былай енді жүгіру жолағы болмайды. Трибуна жасыл алаңға жақындай түседі. УЕФА-ның қазіргі талаптары осындай.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, стадион УЕФА стандартына сай салынады. Бұл еурокубок ойындарының іріктеу кезеңдерін өткізуге мүмкіндік береді.
Самат Жылқыбаев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Футбол болғаннан кейін жеңіл атлетика жолдары болмауы керек. Бізге қазір футбол алаңдары жетіспей жатыр. 10 мыңға жуық бала дайындалып жатыр қазір. Қазіргі таңда құрылыс басқармасының балансында бұл стадион 2023 жылдан бастап.
Ескі стадион 8 мың адамға шақталған. Алдын ала жоспарға сай жаңа нысан сыйымдылығы бойынша шағын болады.
Дамир Ғабдуәлиев, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз ескі стадионды толықтай сүріп тастаймыз. Ал жаңасы сыйымдылығы 4500 адамдық УЕФА талаптары бойынша 3-деңгейлі стадион болады. 10 мың адам сыятын нысан салуға да болар еді. Бірақ, УЕФА-ның талаптарына сай келмейді. Сол себепті онда түрлі чемпионаттарды өткізуге болмайды. Ал бізге бос тұратын стадион керек емес.
Футболдан ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Максим Жалмағамбетов кәсіби мансабындағы үздік матчтарын осы алаңда өткізді. Әр сәті жадында.
Максим Жалмағамбетов, футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы:
- Ол кезде мен жас футболшы ретінде көп уақытта қосалқы құрамда өткіздім. Бірақ мұнда жазылған тарихи сәттер, жеңістер мен жеңілістер, бәрі-бәрі қазір көз алдымда. Тіпті қазірдің өзінде эмоцияға ерік бергелі тұрмын. Стадион лық толы болатын.
Мұның алдында стадионның құрылыс жұмыстарына шамамен 30 млн ақш доллары көлемінде ақша бөлінеді деген ақпарат тараған еді. Әкімдіктегілер, жұмсалатын қаражаттың нақты көлемі жобалық-сметалық құжат дайындалған соң белгілі болатынын айтты.
Самат Жылқыбаев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- 30 млн доллар деген нақты жоба емес. Өйткені 30 млн доллар деген өте көп ақша. Жобалау-сметалық құжаты шыққаннан кейін, бағасы шығады.
Елордаға 1 стадион аздық етеді деген пікірмен көпшілік келіседі. Өйткені "Астана Аренаның" арендасы бәріне бірдей қолжетімді емес. Әсіресе жеке футбол мектептерінің қалтасы көтере бермейді. Келесі жылы ескі стадионды сүреді. Жаңа стадион алдағы 3 жыл ішінде салынып бітуі тиіс.
Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов