Джиу-джитсу. Әлем үздіктері Астанаға жиналды

Елордада джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы дүниежүзілік дода өтіп жатыр.

Айта кету керек, Қазақстан байрақты бәсекені алғаш қабылдап тұр. Оған 43 мемлекеттен мыңнан аса спортшы жиналды. Оның ішінде 200-ге жуық ұлттық құрама мүшелері бар.

Жарыс қатысушылары бірнеше жас деңгейі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Яғни, 16, 18 және 21 жасқа дейінгілер арасында медальдар сарапқа салынады.

Қазақстандық спортшылар ә дегеннен тәуір өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтеріле бастады.

Әсіресе, Жібек Құлымбетоваға ерекше тоқталуға болады. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, 7 дүркін әлем чемпионы атанды. 16 жастағы қазақ қызы джиу-джитсудың неваза бағытында белдесті.

Ал жалпы есепте Қазақстан құрамасы әзірге топ бастап тұр. Ендігі мақсат осы деңгейді сақтап, әлем үздігі екенімізді кезекті рет дәлелдеу дейді мамандар.

Астана қаласындағы әлемдік аламан 26 тамызға дейін жалғасады.