Қызылорда облысында бес спорт кешені қолданысқа беріледі
Қызылорда облысындағы 7 ауылда спорт кешені салынды.
Жыл соңына дейін тағы бесеуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа нысандардың құрылысы Қармақшы ауданында да қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін мектеп немесе мәдениет үйлерін жағалап келген Ақай, Үшінші интернационал және Жаңажол ауылдарындағы спортшылардың мәселесі көп ұзамай шешімін табады.
Үшінші интернационал ауылының жастары мәдениет үйінің бір бөлмесінде спортпен шұғылданып жүр. Арнайы ғимарат болмағандықтан күрес тәсілдерін аядай жерде үйренуге мәжбүр.
Мансұр Сапарбек, оқушы:
- Бізге осы жер тар болады. Біз осы жерде жуынатын, раздевалка бізге сондай қалаймын. Осы жерден шығып, осы ауылдың атын шығарып, чемпион болғым келеді.
Жуырда осы ауылдан жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа ғимаратта күрестен бөлек бірнеше спорт үйірмесін ашуға мүмкіндік жасалады.
Азамат Керімов, мердігер мекеме өкілі:
- Бір бөлігі әкімшілік ғимарат, екі этажды болады. Одан кейін спорт зал. Спорт залдың ені – 15 метр, ұзындығы 24 метр болады. Екі этажды ғимарат болады. Биылдыққа бөлінген ақшасы 200 миллион теңге. Соны игеруіміз керек. Жоспарымыз бойынша екі этажды өріп, бітіріп, шатырын жабамыз.
Биыл Қармақшы ауданында 4 спорт кешені бой көтерді. Оның бірі Жосалы кентінен ашылды. Сонымен қатар Ақай, Жаңажол және Үшінші интернационал ауылдарында да уақыт талабына сай спорттық нысандар құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:
- Жалпы бір спорт кешенінің құрылыс жұмыстары енді 500 миллионға жуық қаражат қажет етті. Биылғы жылы осы спорт кешендерінің арасында ақай ауылдық округінің спорт кешенін нақты осы қазан айының ортасына жоспарлап отырмыз. Салтанатты түрде ашып, халықтың игілігіне пайдалануға береміз деп.
Қызылорда облысында биыл 7 спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5-еуін іске қосу жоспарланып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев