Лицензиялық турнирге дайындық

Париж Олимпиадасына 200 күнге жетер-жетпес қана уақыт қалды.

Ел намысын қорғайтын спортшылар қызу дайындыққа кірісті. Әсіресе, негізгі үмітіміз саналатын боксшылар Алматыда бас қосып, жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер алдағы айда лицензиялық турнирге аттанады.

6 лицензияның нешеуін ала аламыз? Қазір қазақстандық бокс жанкүйерлерін осы сұрақ алаңдатады. Өйткені, жазғы ойындар жақындап қалды және ұлттық командамыздың қоржынында әзірге 1 ғана жолдама бар. Оны өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Қалған  жігіттер енді жолдамаға қол созып көреді. Айта кетейік, Париж Олимпиадасында бас-аяғы 7 салмақта медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Лицензиялық турнир ақпайын айының соңында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтеді. Ел намысын қорғайтын спортшылар бірер ай бұрын Қазақстан спартакиадасында іріктелді. Қазір олар Алматы қаласында жалпы физикалық дайындықты пысқытап жатыр. Одан кейін, яғни, жарыс жақындаған тұста жауынгерлік дайындық басталады. Тіпті, осы аралықта басқа елдің боксшыларымен бірлескен жаттығу өткізуі де мүмкін.

Цитата:

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері: 

- Қалған алты лицензияның бәрін алу оңай болмасы анық. Әр салмақта жолдама ала алмай қалған әлемнің мықтылары бар. Олар да барын салады. Бәсекелестік аса жоғары. Бірақ, біз алға қойған мақсатымызды алдымен Италияда, кейін Тайландта орындауға күш саламыз.

Қамшыбек Қоңқабаев жарысқа бармайды

Ал Қамшыбек Қоңқабаев алдағы жарыстарға бармайды. Тіпті, оны ұлттық құрамадан алып тастады деген де ақпараттар шығып жатыр. Әрине, кейінгісі қате. Өйткені, аса ауыр салмақтағы боксшымыз, жоғарыда айттық, бірер ай бұрын олимпиада жолдамасын алып қойды. Енді тікелей жазғы ойындарға дайындық жүргізеді. Жаттығудың барысы индивидуальды форматта болады. «Қамшыбек лицензиялық жарысқа бармайды. Оны басқа елдердің біріне оқу-жаттығу жиындарына жіберуді ойластырып жатырмыз», - деді ұлттық командамыздың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қамшыбек осымен 2-ші рет жазғы ойындарға қатысқалы отыр. 2020 жылы Токиода өткен олимпиадада қола жүлдегер атанды. Бұған қоса, ол кәсіпқой бокста да бағын сынап, бүгінге дейін 5 кездесу өткізіп үлгерді.

Д. Елеусінов: Олимпиадаға бармаймын

Олимпиадаға бармаймын. Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов осындай пікір білдіріп, қызу талқыланып жатқан мәселеге нүкте қойды. Айта кетейік, бірер күн бұрын Данияр Париждегі жазғы ойындарға қатысуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Уақыт өте тығыз. Олимпиадаға баруға ұсыныс болды, бірақ мен бірден бас тарттым. Жылдар бойы дайындалған жігіттер барсын. Ал мен кәсіби бокстамын», - деді Данияр Tengri Sport порталына берген сұхбатында. Айта кетейік, Данияр орта салмақта, яғни, 71 келіге дейінгілер арасында өнер көрсетеді. Бұл салмақ дәрежесінде алдағы лицензиялық турнирге Қазақстан атынан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қатысады.

Еске сала кетейік, Данияр 2016 жылы Рио олимпиадасында топ жарды. Оған дейін әлем чемпионы да болды. 2 дүркін Азия ойындарын және 2 дүркін Азия чемпионатын ұтты. 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысты және ол жақта 11 кездесу өткізіп, 11-інде де жеңіске жетті.

В. Жиров: Әлімханұлының әлеуеті зор

Әлімханұлының бокс мектебі Альварестен де мықты. Сондықтан, ол барлық титулды біріктіре алады. Әрине оған Бүкіләлемдік бокс ұйымы мүмкіндік берсе. Қазақстаннан шыққан алғашқы олимпиада чемпиондарының бірі Василий Жиров кәсіпқой бокста жүрген жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлына қатысты осындай пікір білдірді. Sports.kz порталына берген сұхбатында ол Жәнібектің әлеуетін өте жоғары бағалады. Бұған қоса, оның АҚШ-та танымал боксшыға айналып үлгергенін алға тартты. Бірақ, осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тартысты кездесулер өткізіп, жақсы жарнамалар жасап, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға кеңес берді.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті.  Қазір ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.

Бокстан халықаралық турнирге дайындық

Бақтияр Артаев атындағы халықаралық турнир өтеді. Еліміздегі бокс бәсекелерінің қатары тағы біреуге артты. Яғни, биылдан бастап елордада олимпиада чемпионы әрі Вел Баркер Кубогының иегері Бақияр Артаевтың құрметіне арналған турнир ұйымдастырылады. Жасөспірімдер арасындағы бәсеке ресми жарыстар күнтізбесіне енді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан сияқты көрші мемлекеттерден 300-ге жуық қатысушы жиналады деп күтіліп отыр. Байрақты бәсеке 2 жас деңгейі бойынша болады. Яғни, бас-аяғы 14 салмақта медалдар жиынтығы сарапқа салынады. Жүлдеге іліккен өрендерге қаржылай сыйақы табысталмақ. Айта кетейік, Бақтияр осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни, Афинада өткен жазғы ойындарда топ жарды. Оның алдында әлем чемпионаттары мен азия біріншіліктерінде бірнеше рет жеңіс тұғырына көтеріліп, ел абыройын асқақтатты.

Айта кетейін, жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир алдағы наурыз айында өтеді. Яғни, 22-ші наурызда басталады және 5 күнге созылады. Бұған қоса, алдағы жылдары оны тұрақты негізде ұйымдастырып, ауқымын және форматын ұлғайту жоспарланып отыр.