Волейболдан қысқы ел чемпионаты аяқталды
Қоржынымызға тағы 3 лицензия түсті.
Қазақстандық пара таеквондо шеберлері әлемдік рейтингтің алдыңғы 20-лығына ілігіп, Париждегі жазғы ойындарға қатысуға мүмкіндік алды. Олар – Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі және Кәмиля Досмалова.
Айта кетейік, бүгіне дейін қазақстандық пара спортшылар пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, волейболды отырып ойнау, пара каноэ және пара жүзу бойынша да жолдама алып үлгерді.
Д. Елеусінов: Олимпиадаға бармаймын
Олимпиадаға бармаймын. Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов осындай пікір білдіріп, қызу талқыланып жатқан мәселеге нүкте қойды.
Айта кетейік, бірер күн бұрын Данияр Париждегі жазғы ойындарға қатысуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Уақыт өте тығыз. Олимпиадаға баруға ұсыныс болды, бірақ мен бірден бас тарттым. Жылдар бойы дайындалған жігіттер барсын. Ал мен кәсіби бокстамын», - деді Данияр Tengri Sport порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Данияр орта салмақта, яғни,71 келіге дейінгілер арасында көрсетеді. Бұл салмақ дәрежесінде алдағы лицензиялық турнирге Қазақстан атынан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қатысады.
Еске сала кетейік, Данияр 2016 жылы Рио Олимпиадасында топ жарды. Оған дейін әлем чемпионы да болды. 2 дүркін Азия ойындарын және 2 дүркін Азия чемпионатын ұтты. 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысты және ол жақта 11 кездесу өткізіп, 11-інде де жеңіске жетті.
В. Жиров: Әлімханұлының әлеуеті зор
Әлімханұлының бокс мектебі Альварестен мықты. Сондықтан ол барлық титулды біріктіре алады. Әрине, оған Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы мүмкіндік берсе. Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпиондарының бірі Василий Жиров кәсіпқой бокста жүрген жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлына қатысты осындай пікір білдірді. Sports.kz порталына берген сұхбатында ол Жәнібектің әлеуетін өте жоғары бағалады. Бұған қоса оның АҚШ-та танымал боксшыға айналып үлгергенін алға тартты. Бірақ осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тартысты кездесулер өткізіп, жақсы жарнамалар жасап, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға кеңес берді.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Қазір ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.
Волейболдан қысқы ел чемпионаты
Ел үздіктері анықталды. Талдықорған қаласында 2009 және 2010 жылы дүниеге келген қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты аяқталды. Ішкі біріншілікке бас-аяғы 19 команда қатысты. Бір аптаға созылған ойындар нәтижесінде Қызылжардың «Қуаныш» волейбол клубы жеңімпаз атанды. Олар ақтық кезеңде Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасымен жолықты. Бұл ойын өте тартысты өтті. Үшінші орын үшін болған кездесуде Талдықорғанның «Жетісуы» «Астана» командасынан басым түсті.
Сабина Қайратқызы, «Қуаныш» волейбол клубының ойыншысы:
- Шынымды айтсам, ойын өте тамаша өтті. 3:2 есебімен біз жеңдік. Соншама қуаныш, бірінші рет енді чемпионатта бірінші орын алдық. Тамаша барлығы өтті. Алтай командасы да өте жақсы ойнады. Екі партия біз алып кеттік қыздармен бірге.
Ойрат Еркенов, «Қуаныш» волейбол клубының жаттықтырушысы:
- 20 команда қатысты, соның ішінде бірінші орын алдық. 7 кездесу өткіздік. Күзгі чемпионатта үшінші орын алған болатынбыз. Енді осы чемпионатта чемпион болдық. Алда тағы да турнир болады Ресейде, сол жаққа шығамыз. Петропавлда да турнир болады, бұйырса. Сосын көктемгі чемпионатқа дайындаламыз.
«Қайсар» футбол клубы сатылады
Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы сатылымға шығарылады. Меншігіне негізгі және қосалқы алаңы бар стадион, клуб базасы және бірнеше көлік кіретін спорттық мекеме 1 миллиард 600 миллион теңгеге бағаланып отыр. Облыстық экономика және қаржы басқармасының теңгеріміндегі клубты сатып алуға ниетті азаматтар 252 миллион теңге бастапқы жарна төлеуі тиіс. Сырбойылық ұжым бұған дейін де сенімгерлік басқаруға беріліп, кейін түрлі себептермен мемлекетке қайтарылды. Футболсүйер қауым «Түз тағылары» деп айдар таққан команда өткен маусымды 6-шы орынмен аяқтады. Жергілікті қазынадан қаржыландырылатын қызылордалық аяқдопшылар қазір Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр.
Садық Мұстафаев, «Қайсар» ФК басшысы:
- Сатып алған компания немесе азамат жылына Қайсар клубын ұстап тұруға 1млрд 2 млн теңге бөлуге міндетті және де 1-лигаға 250 млн, 2-лигаға 150 млн және 550 млн Қайсар футбол орталығына. Осындай талаптар бар.