Кореядағы Олимпиадада еліміз 14-орынды иеленіп тұр
Оңтүстік Кореяда қысқы жасөспірімдер олимпиадасының 4-күні аяқталды.
Әзірге жерлестеріміз 14-орында. Хоккейшілер Испания мен Ұлыбритания құрамаларын ірі есеппен ұтып, жартылай финалға шықты.
Владислав Цой, тілші:
- Жасөспірімдер Олимпиадасы 2018 жылғы Пхенчан Олимпиадасына арнайы салынған кешендерде өтіп жатыр. Әрине спорттық іс-шаралардың ауқымын салыстыруға келмейді. Мәселен 6 жыл бұрын мұнда 2800 спортшы бақ сынаса, биыл олимпиадаға қатысушылар саны біршама аз.
Спортшылар жарыстарға қатысып қана қоймай, корей мәдениеті, ойындары және тағамдарымен танысып, көрмелер мен концерттер көре алады. Жергілікті кәсіпкерлер де шетелдік туристерді қабылдауға тыңғылықты дайындалған. Дегенмен биыл ауқымды шараны тамашалуға келген қонақтар қарасы 2018 жылғы Олимпиада кезіндегіге қарағанда аздау. Бірақ Каннын мен Пёнчан қалаларындағы қонақүйлер мен дәмханалар пандемиядан бері алғаш рет лық толған.
Ким Ко Рэ, дәмхана қожайыны:
- Мен дәмханама қажетті тауарларды алдын ала сатып алдым. Қызметкерлеріме жасөспірімдер олимпиадасы кезінде аянбай еңбек ету керектігін ескерттім. Адамдардың көбі түскі уақытта немесе көрші ғимаратта керлинг жарыстары өткен кезде келеді.
80-нен астам елден келген жас спортшылар университеттердің жатақханаларына орналастырылған. Қазақстандықтардың тұратын жерді көк байрақтардан білуге болады. Мына ғимаратта олар 8-ші қабатта тұрады. Кешкісін бәрі жиналып ойындар қорытындысын талқылайды.
Елсияр Қанағатов, ҚР-ның жасөспірімдер олимпиадасына дайындық штабының басшысы:
- Бүкіл дүние жүзі сол, мықты-мықты мемлекеттер қатысты, соның ішінде қазақ елі бірінші тұғырдан секіруден бірінші орын алғаны әрине бәрі таңғалып бәрі құттықтап жатыр. Сондықтан бізде ойлаймын қысқы спорт түрлерін де жалпы Қазақстан дамыту керек. Біздің бар жағдайымыз бар. Мынау тұғырдан секіру болсын, шаңғы спорты, биатлон, спорт түрлерінінң бәрі Қазақстанда жақсы дамытуға болады. Ол үшін жергілікті жерлерде осы қысқы спорт түрлерін әсересе қысқы облыстарда ерекше қөңіл бөлу керек деп білеміз.
Алтын медаль иегері Илья Мизерных елге оралды. Ал қола жүлдегері Полина Омельчук әлі Олимпиада қалашығында. 24 қаңтарда ол аралас эстафетада ел намысын қорғайды. 22 қантарда Полина 17 жасқа толды. Оны бүкіл құрама командасы құттықтады. Бірақ спортшы үшін ең басты сыйлық – осы дүбірлі додада жеңіп алған қола медалі.
Полина Омельчук, жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері:
- Мен осы олимпиадаға дейін жеке жарыстарда әлі медаль алмаған едім. Бұл алғашқы жеңісім. Олимпиадаға көп дайындалдым. Бірақ осындай жетістікке жетем деп ойламаппын. Тек ширек финал, жартылай финал болсын сайысқа шыққанда бар күшімді салуға тырыстым.
Жасөспірімдер олимпиадасы 1 ақпанда аяқталады. Біздің спортшылар биатлон, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру, фристайл-могул, кёрлинг және хоккейден жарыстарда жүлделер үшін таласады.
Владислав Цой, Ольга Лян