Елдегі спорт түрлері қысқартылады

Елдегі спорт түрлері кезең-кезеңмен қысқартылады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір ресми тіркеуден өтіп, мемлекеттен қаржыландырылатын 180-нен аса спорт түрі бар. Бұл тым көп.

Осыны негізге алған Мәжіліс депутаттары қаржыны тиімді пайдаланып, нақты басымдық беретін бағыттарды айқындап алуды ұсынды. Бастаманы құзырлы министрлік те қолдап отыр. Аталған мәселе Парламент қабырғасында жаңа заң жобасы тыныстырылымы барысында талқыланған.

Елде 184 спорт түрі бар

Иә, Қазақстанда спорт түрлері кезең-кезеңмен қысқартылады. Бірақ бірден айта кету керек. Бұл толықтай тыйым салынып, жабылып тасталады дегенді білдірмейді. Бастама мемлекеттен бөлініп жатқан миллиардтаған ақшаны барынша тиімді қолдануға бағытталған. Екіншіден, аталмыш спорт түрлері нарықтық бәсекелестік ортаға шығарылады. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің қабырғасында жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында айтылды. Сонымен қазір елімізде ресми тіркелген 184 спорт түрі бар. Алдағы уақытта нақты басымдық берілетін бағыттар айқындалып, соларды ғана қаржыландыру көзделіп отыр. Жоғарыдағы тізімге ең алдымен олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері күреді. Бұған қоса Азия ойындары бағдарламасына енген спорттық бағыттар да қамтылады. Ұлттық спорттар да назардан тыс қалмайды. Ал қалған бағыттар бойынша терең сараптама жасалып, кезең-кезеңмен қысқартылмақ.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 180 ішіне кіретін спорттар: пеншак, силат, биатль, триатль, пинтак, тикбол, унифай, спорттық рыбалка. Кейбір түрлерін өзі Қазақстан біле ме екен? Бұл қандай спорт екенін? Сосын турбаға мініп алып, стриптиз көрсететін спорттың аты қандай еді? Ол да жүр ортасында. 

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Қазіргі уақытта жылына 30-40 спорт түрі қысқарып отырады. 26-27 жылға дейін олар жартылай қысқартылады. Қазір 180 болса, 2027 жылға 60-70 спорт түрі қалайын деп тұр.

Енді нақты цифрларға келейік. Әлемдегі ірі спорт державасы саналатын Ұлыбритания, Гремания, Австралия сияқты елдерде мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 20-ға да жетпейді. Ал Беларусь елінде оның саны – 25. Көрші Өзбекстанда – 17. Осылай кете береді. Тағы да естеріңізге сала кетейік, бізде 180-нен аса спорт түрі тіркелген.

Ал енді халық санына қарасақ, керісінше, жоғарыда аталған мемлекеттердің азаматтары бізден бірнеше есе көп. Мәселен, Ұлыбриатнияда 69, Германияда 83, ал, Өзбекстанда 36 миллион деген сияқты. Сондықтан спорт түрлеріне бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оны барынша тиімді қолдану қажет. Әсіресе ауыл спортын көтеруге жұмсалса деген ұсыныстар да айтылды.

Отандық спорттағы мәселелер

Сонымен қатар жиында спорттық инфрақұрылым, спорттық медицина, спорттық даярлық мәселелері де сөз болды. Мәжіліс депутаттары құжатқа «мониторинг» деген түсінікті енгізу керек деп есептейді. Себебі құзырлы ведомство аймақтағы жағдайдан бейхабар. Тіпті бара алмайды. Сәйкесінше жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін таппай жатыр. Сондықтан осы заң жобасы аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзіреттерді ажырату көзделген.

Бұған қоса жиында отандық футболдағы да біраз мәселе көтерілді. Әсіресе букмекерлік компанияны ресми чемпионат атауына енгізіп, білгендерін істеп жатқаны қынжылтты. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы осы жағдайды қатаң сынға алып, компания атауын алып тастау туралы норма енгізетінін алға тартты. Спортқа жауапты министрдің орынбасары Серік Жарасбаев өз кезегінде осы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.