ЧЛ: «Боруссия» ширек финалға шықты
«Боруссия» ширек финалға шықты.
УЕФА чемпиондар лигасы аясында германиялық «Боруссия» нидерландтық «ПСВ»-дан басым түсті. Қос команда арасындағы матч Дортмунд қаласында өтті және алғашқы гол 3-минутта соғылды. Осылайша «Боруссия» жартылай қорғаушысы Джейдон Санчо Юлиан Брандт пасын ұтымды пайдаланып, өз командасын алға шығарды. Матчтың соңғы минуттарында алаң иелері сапындағы Марко Ройс та мергендігімен көзге түсіп, таблодағы нәтижені еселей түсті. Қорытынды есеп: 2:0. Еске сала кетейік, аталмыш командалар арасындағы алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталған болатын. Сәйкесінше, қос ойын қорытындысы бойынша «Боруссия» сенімді түрде ширек финалға шықты. Ал нидерландылық клуб үшін чемпиондар лигасының биылғы маусымы осымен аяқталды.
«Атлетико» «Интерді» жеңді. УЕФА чемпиондар лигасы аясындағы кезекті матч Мадрид қаласында өтті. Испаниялық және италиялық командалар арасында тартысты матч болды. Қос ойын нәтижесі бойынша тең нәтиже тіркелді. Атап айтқанда, соңғы ойында қонақтар сапындағы Федерико Димарко есеп ашқан. Бірақ артынша Антуан Гризманн мен Мемфис Депай мергендігімен көзге түсіп, қорытынды есепті 2:1-ге жеткізді. Ал Милан қаласындағы алғашқы матчта 1:0 есебі тіркелген болатын. Осылайша нағыз мықтыны пенальтилер сериясында анықтауға тура келді. Бұл сында жергілікті команданың жолы болды. 3:2 есебімен алға шықты және ширек финал жолдамасын жеңіп алды.
Ширек финалдың тағы бір жолдамасы Барселона қаласында сарапқа салынды. Мұнда жергілікті клуб италиялық «Наполимен» жолыққан болатын. Матч аса тартысты өтті және оның барысында 4 бірдей гол соғылды. Атап айтқанда, алаң иелері сапындағы Фермин Лопес, Жоау Канселу және Роберт Левандовскилер мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Қонақтар бір ғана қарымта доппен жауап берді. Осылайша 3:1 есебімен «Барселона» жеңіске жетті. Сырт алаңдағы алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталғанын айта кетейік. Осылайша қос ойын қорытындысы бойынша испаниялық команда жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады. «Барселона» 4 жылдық үзілістен кейін чемпиондар лигасының ширек финалына шығып тұр.
Дәл осы матчқа параллель «Арсенал» мен «Порту» да өзара мықтыны анықтады. Португалияда өткен алғашқы матчта алаң иелері 1:0 есебімен жеңген болатын. Англиядағы қарымта матчта дәл осындай жағдай қайталанды. Яғни «Арсенал» сапындағы Леандро Троссард қана гол соқты. Қос ойын қорытындысы бойынша жалпы есеп 1:1. Сәйкесінше мұнда да кездесу матч соңындағы пенальти сериясына ұласты. Бұл сында алаң иелерінің жолы болды. 4:2 есебімен алға шықты және ширек финал жолдамасын жеңіп алды. Айта кету керек, «Арсенал» ағылшын премьер лигасында да қазір топ бастап тұр. 28 ойында 64 ұпай жинап үлгерді.