"Жеңісті күндерде жүздескенше!"

Қазақ спортының қайрағы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған іс-шара жалғасын тапты.

Жақында «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында БАҚ өкілдері бас қосса, енді кіндік қаны тамған Мақаншы ауылында жас өрендер сынға түсті.

Балғын балалық шағын Жайтөбенің етігінде өткізген жаны жайсаң азамат көзі тірі болғанда 55 жасқа толар еді. Аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырған Амангелді Сейітхановтың бірге туған бауырлары мен ұстаздары Мақаншы төрінде келісті турнир ұйымдастырды.

Бұл сынға Мақаншы өңірінің, арысы мен берісінен 10-нан аса команда қатысып, жүлделерді сарапқа салды. «Мақаншым – мақтанышым!» деп әрдайым туған жерін жадынан шығармаған Амангелдіні ауылдастары да бір сәтке ұмытқан емес. Жарысқа арнайы келген меймандар марқұм жайлы жылы естелік айтып, «Жеңісті күндерде жолығайық!» - деп тарқасты.

Олжас Соғымбай, Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары:

- Дәл осындай еске алу турнирлері арқылы болашақ жас спортшыларымыздың жігер-күші қалыптасады. Амангелді ағадай елін сүйген, жерін сүйген патриот азаматтарды біз кеңінен насихаттауымыз қажет. Болашақта Мақаншы ауданында Амангелді Сейітханов атындағы көше ашылып, болмаса А. Сейітхановтың ескерткіш тақтасы қойылса да бұл ағамыздың екінші өмірінің – мәңгілік өмірінің басталғанын растайды.