77 жастағы әже шпагатқа отырды
«Тәні саудың – жаны сау». Ұзақ өмір сүрудің кепілі – дене шынықтыру.
Өйткені 60-70-тен асқан апаларымыз сымдай тартылып, жаттығу залында жүр.
Иә, зейнет жасына келіп, спортпен шұғылдана бастаған қариялардың белсенділігі жастардан кем түспейді.
Үнділерде йога, қытайларда цигун, ал біз қазақ гимнастикасы Айкүнемен жаттығамыз, – дейді 63 жастағы астаналық Гүлнар апай. Өз айтуынша, бұл спорт түрі – жас кездегі елемеген кем-кетігін енді түзеуге көмек.
Гүлнар Шынасилова, зейнеткер:
- Мен 90 келі болғам. Келген кезде осы 2021 жылы, қазір бойым 167, салмағым 67 болып тұр. Ең бірінші – Айкүнеде бел омыртқаны түзеу. Оны түзесе, барлық денсаулық орнына келеді екен. Тіпті бұрынғы жас кездегі орынға келеді екен. Кейбір апаларым таңғалады менің бойым өсті деп, ол бой өскенде емес, бел омыртқасы түзеледі.
Жаттығу залында 77 жастағы әже де жүр. Ұршықша иіріліп, гимнастиканың жастар жасай алмайтын небір қимылдарын оп-оңай көрсетіп береді. Екі-ақ айда шпагатқа отырдым, – дейді өзі .
Олар физикалық жаттығулардан бөлек, миды дамытып, есте сақтау қабілетін жақсарту үшін тоғызқұмалақ, шахмат ойнап, ағылшын үйреніп те жүр. Осылайша, белсенді ұзақ өмір сүру салтын қалыптастырған.
Жалпы Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша былтыр ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 75,09 жас болса, ерлерде бұл көрсеткіш 70,99, ал әйелдерде 79,06 жас екен. Оның растығына көз жеткізгіңіз келсе, жаттығу залына келіңіз.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ерлан Наурызбаев.