Елордада «Толағай» алыптар сайысы өтеді
Таиландтың Бангкок қаласында бокстан Париж Олимпиадасына жолдама берілетін соңғы лицензиялық турнир жалғасып жатыр.
Жауапты бәсекеге жерлестерімізден 6 былғары қолғап шебері аттанған еді. Қазір жарыс жолында тек үшеуі қалды.
4 жылдықтың басты бәсексіне бокстан 13 салмақ бойынша 248 жолдама қарастырылған. Соның ішінде осы лицензиялық турнирде қалған 51 жолдама үлестіріледі. Бүгін рингке кімдер шығады?
Е. Рыбакина үшінші кезеңге шықты
Рыбакина жеңіп, Путинцева жеңіліп қалды. Иә, 133-ші рет жалауы желбіреген Ролан Гаррос турнирі жалғасып жатыр. Кеше жарыс жолына қос Александр мен қос қызымыз шықты. Жерлестерімізден алғаш болып Юлия Путинцева Хиберт Бадоссамен шеберлік байқасты. Осыған дейін испан қызынан екі рет жеңілген отандасымыз осы жолы ойынды жақсы бастады. Бірінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші партия Бадоссаның пайдасына шешілді. Үшінші сетте 4:5 есебімен алда болған Путинцева 7:5 есебімен жеңісті беріп қойды. Осылайша, жерлесіміз турнирдің екінші айналымынан сүрінді.
Ал Қазақстанның 1-ші, әлемнің 4-ші ракеткасы Елена Рыбакина нидерландық Аранча Руспен бақ сынады. Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте нидерлан қызы 4:2 есебімен алға кеткенімен, Елена жеңісті бермеді. Ойындағы басымдықты қолына алып 6:4 есебімен жеңіске жетті.
А. Бублик пен А. Шевченко жеңіліп қалды
Ал кеше жарыс жолына шыққан жігіттеріміздің жолы болмады. Әлемдік рейтингте 59-шы орында тұрған жерлесіміз Александр Шевченко алаң иесі Мутемен шеберлік байқасты. Бірінші екінші сетте басымдықты беріп қойған Шевченко үшінші партияда барын салып, есепті қысқартты. Алайда 4-ші сет Мутенің пайдасына шешілді. Жалпы есеп: 6:4, 6:2, 0:6, 6:3.
Екінші болып Бублик Ян Штруффқа қарсы ойын өткізді. Неміс теннисшісімен 5 рет бақ сынап, төртеуінде жеңілген Александр осы жолы да қапы қалды. Жалпы есеп: 3:0. Енді қос Александр жұптық сайыста сербиялықтармен кездеседі.
Триатлоннан Олимпиада жолдамасы
Екатерина Шабалина Париж Олимпиадасына лицензия алды. Қазақстандық триатлоншы Азия құрлығына тиесілі жалғыз квотаға ие болды. Бұл жайында халықаралық федерация ресми мәлімдеді. Шабалина әлемдік рейтинг бойынша қосымша лицензияға қол жеткізді. Жерлесіміз ұпай саны жөнінен қарсыластарынан озып кетті. Қазір Қазақстанның 52 спортшысы Париж ойындарына 55 жолдама ұтып алды. Триатлоннан ерлер арасындағы рейтингте Аян Бейсенбаевқа лицензия бұйырмады.
«Толағай» алыптар сайысы өтеді
2 маусым елордадағы «Астана Триатлон» саябағында «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Ұлы даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирге елорданың кез келген спортшысы қатыса алады. Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, 10 келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс күзге салым өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады. Яғни, бессайыстың қорытындысы бойынша анықталған үздіктер алдағы республикалық турнирде бақ сынайды
Ж. Әлімханұлының кезекті қарсыласы анықталды
Орта салмақта WBO және IBF белбеуінің иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыласы анықталды. Жерлесіміз 13 шілде күні шаршы алаңға оралып, IBF нұсқасы бойынша міндетті қарсылас, жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Жәнібек өз Instagram парақшасында: «Ресми! Қарсылас рекорды 21-0. IBF Андрейді міндетті қарсылас етіп бекітті. Бұйыртса 13 шілдеде Лас-Вегаста Qazaq style-ды әлем тамашалайтын болады! Бұйыртса, жарқын жеңістен соң титул біріктіру шаруасына кірісеміз», – деді Жәнібек.
Әлімханұлының соңғы айқасы өткен жылдың қазан айында өтті. Ол неміс боксшысы Винченцо Гуальтиериді мерзімінен бұрын жеңіп, одан IBF титулын тартып алған еді.