Ат жалындағы аударыспақ
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 93 күн қалды.
Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен медальдар сарапқа салынады. Оның басым бөлігі ат үстіндегі сайыс. Қазір елде түрлі бәйге, көкпар додалары өтіп жатыр.
Ал аударыспақ шеберлері оқу жаттығу жиынында жүр. Бұл спорт ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бірі. Енді осы жігіттеріміз ат үстіндегі ұрысқа қаншалықты дайын?
Бұл Қырғызстан астанасы Бішкекте аударыспақтан өткен тұңғыш әлем чемпионаты. Азамат пен қазанаттың намысы сынға түскен додада 6 салмақ бойынша кіл мықтылар анықталды. Елден аттанған құрыш білек, бекем белді балуандар бәсекеге толық құрамда қатысып, барлық салмақта жүлдегер атанды. Дәлірек айтсақ қанжығада - 3 алтын, 3 қола.. Байрақты бәсекеде 80 келіде сынға түскен Дарын Өткелбайдың ат үстіндегі күресі көптің көңілінен шықты. Ол ақтық белдесуде қырғыз спортшысынан айласын асырып біріншіліктің чемпионы атанды. Дарын күзге салым өтетін көшпенділер ойындарында да олжа салуға ниетті.
Дарын Өткелбай, аударыспақтан әлем чемпионы:
- Қазір дайындалып жатқан дайындығымыз дүниежүзілік көшпенділер ойындарына. Дайындығымыз өте сапалы өтуде. Осы үшінші сборымыз. Үшінші сборда атпен жұмыс жасап жатырмыз. Дайындығымыз өте мықты. Қазақстанның туын биікке көтереміз деп ойлаймыз.
Дарын Өткелбайдан бөлек екі балуанымызда әлем чемпионы атанды. Олардың да мақсаты көшпенділер ойындарында топ жару. Иә әлем біріншілігіндегідей күзге салым өтетін байрақты бәсекеде де аударыспақтан 6 салмақ категориясы бойынша үздіктер анықталады. Жылқы қазаққа жат емес. Содан болар ел тағатсыздана күтетін де осы ат үстіндегі ойындар. Аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері жерлестеріміздің алдында жеңілгіміз келмейді, сондықтан әлем көз тіккен додаға тыңғылықты дайындық үстіндеміз дейді.
Жанбатыр Бекмұсаев, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Ұлттық құрамамыздың 6 салмақ дәрежесіндегі 2 состав спортшыларымызбен жұмыс жасап жатырмыз. Және де облыстардан қосымша келген 3 палуанымыз бар. 15 спортшымен көшпенділер ойындарына дайындалып жатырмыз.
Аударыспаққа қатысатын спортшылар бабында, аттарын жаратып жатыр. Алдағы 3 ай бойы денсаулықтарына тексеру жүргізіледі. Яғни спортшылар мен аттардың ағзасы тексеріліп, қандай дәрумендер қабылдау керектігі анықталады. Сондай-ақ олардың жүрек және ішкі органдарының биоритімін қарап, тамақтары да соған сай беріледі.
Бақытжан Есжанов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кешенді ғылыми тобының үйлестірушісі:
- Спортшылар мен спорттық жылқыларды сапалы даярлау үшін екі кешенді ғылыми топ құрылды. Бірінші топ тікелей спортшылармен айналысады – олардың функционалдық жағдайы, жалпы дене шынықтыру дайындығы тексеріледі, психодиагностика жүргізіледі, содан кейін барып жалпы жай-күйінің қорытындысы жасалады. Егер денсаулығында қандай да бір өзгерістер болса, психодиагностика және спорттық медицина бойынша ем-шара жасаймыз. Басты мақсат – спортшыларымыз күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жоғары деңгейде дайындалуы үшін олардың денсаулығын тексеру.
Иә көшпенділер ойындарына 3 айға жетер-жетпес уақыт қалды. Оның ашылу салтанаты Астана-Арена стадионында болады, ал жабылуы Қазанат ипподромында өтеді деп жоспарланған. Қазір бұл жерлерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Айбек Сапарқұл, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру, нысандарды дайындау және басқару бөлімінің басшысы:
- Дайындық жақсы. Қазанат ипподромы. Көшпенділер ойындары 3 бағыт бойынша өтеді. Спорт, мәдениет және ғылым. Спорттық бағдарламада бізде спорттың 21 түрі. Оның тең жартысы 10 спорт түрі өзіміздің ұлттық спорт түрлері, қалған 11 шетелдік спорт түрлері. Қазіргі таңда әлемнің 85 мемлекеті ресми түрде көшпенділер ойындарына қатысатынын растады.
Түркі елдерінің олимпиадасы саналатын көшпенділер ойындарында аударыспақтан бөлек 20 спорт түрі бойынша мықтылар анықталады. Оның басым бөлігі ат үстіндегі сайыстар. Иә жылқы мен жігіттің бабын табу оңай жұмыс емес. Десек те жастайынан ат жалында өскен, қанында қазақылық бар азаматтар жанкүйерін жерге қарата қоймасы анық.
Әлішер Әли, Серік Қоңырбаев