«Қайрат» клубына айыппұл салынды

Әзербайжан құрамасынан ұтылып қалдық.

Кеше отандық футбол жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген кездесу өтті. Өкініштісі сол, жерлестеріміз кезекті рет есе жіберді және осы жағдай ұлттық командамыздың әлемдік рейтингтегі орнына да кері әсер етті.  

Қазақстан Әзербайжаннан ұтылды

2:0 есебімен жеңіп тұрып, 3:2 есебімен жеңіліп қалдық. Футболдан Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары арасындағы кездесу өтті және ұлттық командамыз кезекті рет уыста тұрған жеңісті шығарып алды. Жолдастық матч Венгрияның Сомбатхей қаласында ұйымдастырылған болатын. Жерлестеріміз ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, ойынды өте сәтті бастады. Әсіресе Ян Вороговский алғашқы минуттарда мергендігімен көзге түсті. Ал Максим Самородов артынша есеп айырмасын еселей түсті. Десе де Әзербайжан құрамасы матч барысында қарқынын күшейтіп, алдымен таразы басын теңестірді. Одан кейін алға шығудың да амалын тапты. Қорытынды есеп: 3:2. Осылайша, Руслан Балтиев жетекшілік еткен біздің жігіттер кезекті рет сәтсіз матч өткізді. Жоғарыда айттық, бұл жолдастық кездесу болатын. Енді ұлттық құрама алдағы күзде Ұлттар Лигасы аясындағы ресми ойындарға қатысады.

 

Қазақстан әлемдік рейтингте төмендеді

Қазақстан 6 саты төмендеп, 109-шы орынға жайғасты. Ұлттық командамыздың кезекті сәтсіздігінен кейін халықаралық футбол федерациясының live-рейтингіндегі жағдайымсыз нашарлады. Яғни, Қазақстан 109-шы орынға сырғып, Мадагаскар, Гватемала, Кения және Намибия сияқты елдердің астына түсті. Бұл жөнінде Sports.kz порталы хабарлайды.

Айта кетейік, біздің жігіттер осымен 4-ші матч қатарынан есе жіберіп тұр. Яғни, кеше ғана Әзербайжан командасынан ұтылса, оған дейін Армения және Люксембург құрамаларына 2:1 есебмен есе жіберді. Ал оның алдында Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Грекия футбошыларымен жолығып, 5:0 есебімен жеңілген болатынбыз.

 

«Қайрат» клубына айыппұл салынды

«Қайрат» клубына ірі көлемде айыппұл салынды. Айта кетейік, бірер күн бұрын алматылық команда қақпашысы Лео Игитаның басы дауға қалған болатын. Әлеуметтік желіде оның автобусқа барар жолда футзал командаларының эмблемасын аяғымен басып өткен видеосы тарады. Бұл жағдай әсіресе «Ақтөбе» мен «Астана» клубы жанкүйерлерінің ашуын туғызды. Олар Игитаның әрекетін қатты сынға алып, федерация басшылығынан жазалауды талап еткен еді. Осыны негізге алған Қазақстан футбол федерациясы Әдеп жөніндегі комитетінің отырысын өткізіп, «Қайрат» клубына 500 айлық есепетік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен 1 миллион 846 мың теңгені құрайды. Ал клубың бас директорына ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бұған қоса ол аталмыш жағдайдың бастамашыларын тауып, түсіндіру жұмысын жүргізуге міндеттелді.

Айта кетейік, Лео Игитаның өзі сол жағдайдан көп ұзамай арнайы жазба жариялап, ресми кешірім сұраған болатын.