Шахматтан 26 жыл күткен жеңіс
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жуырда ғана әлем чемпионы атанған гроссмейстер Қазыбек Нөгербекпен кездесіп, жеңісімен құттықтады.
«Бұл – отандық шахмат спортындағы тарихи оқиғаның бірі. Өйткені 1998 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Дәрмен Сәдуақасов бас жүлдеге ие болған еді. Енді, міне, араға 26 жыл салып тағы бір отандасымыз әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Жарыста топ жару жерлесімізге оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл командаға алғыс білдіремін», - деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, Қазыбек Үндістандағы 20 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік додада бақ сынады. Байрақты бәсекеге бас-аяғы 123 қатысушы жиналды. Оның ішінде 13 гроссмейстер мен 28 халықаралық шеберлер бар. Араларынан қазақстандық Қазыбек Нөгербек суырылып алға шықты. Ол 11 турда 8,5 ұпай жинады. Қазыбек осыдан 2 жыл бұрын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында да рапид пен блиц бағыттары бойынша жеңімпаз атанған болатын.