Астана күніне орай боулингтен турнир өтті

Қатысушылар көздеріне мата байлап, 5 командаға бөлініп сынға түсті.

Шараға 50-ге тарта адам қатысты. Олардың қатарында билік өкілдері, мүгедектігі бар кісілер мен бұқаралық ақпарат құралдары да бар.

Алғашқы кезеңде қатысушылардың жылдамдығы мен қарқыны жақсы болғанымен, нысанадан мүлт кетіп жатты. Бірақ ойын барысында бәріне бейімделе бастады. Бұл сайыстың негізгі мақсаты – ойын арқылы адамның бойындағы жаңа қабілет пен мүмкіндіктерді ашу, дейді ұйымдастырушылар.

Дастан Зайнолда, Ұлттық экономика министрлігінің басқарма басшысы:

- Мұндай іс-шаралар болып тұруы керек. Себебі адамдарға өзінің басқа да сезімдерін, басқа да мүмкіндіктерін сынап көруге өте жақсы. Шарды жіберген кезде көрмей тұрып жіберу, көре тұрып жібергеннен айырмасы қатты екен. Қиындау болады басында. Бірнеше рет көрсең дағдыланып алуға болады екен.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Боулинг ойынын жабық көзбен біз де ойнап бағымызды сынап көруді жөн көрдік. Қазір нәтижесін бірге көрейік.

Адамның көзі ми жұмысына тікелей әсер етеді, - дейді мамандар. Айналаны қараңғылық басқанда сезім мүшелері ерекше жұмыс істей бастайды. Сезімталдық қасиеттер 5 есе артатындай әсер қалдырады.

Назгүл Шохаева, мүгедек жастар қоғамының өкілі:

- Сау адамның мишығы мүлдем басқалай жұмыс істей бастайды. Көзі жабық тұрғанда бойында басқа мүмкіншіліктер, қабілеттер ашылады. Соны ашу біздің мақсатымыз. Бұл экстрабилити болып табылады.

Қазір елде ерекше қажеттілігі бар 711 мың адам тұрады. Оның жүз мыңнан астамы балалар. Ал мұндай шаралар мүгедектігі бар жандардың қоғамдық ортада бәсекелестік деңгейін арттыруға жол ашады.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Интуицияң артады, сезімталдығың артады бұл ойында. Сен ол адамдардың жағдайын түсінесің. Біз көп жағдайда оларға тек аяушылықпен қараймыз. Көріп қалсақ орнымыздан жүгіріп тұрып көмектесуге тырысамыз. Олар мүмкін біздің көмегімізді қажет етпейтін шығар. Оларға біз жағдай жасағанымызды қажет ететін шығар. Осы турнир арқылы өзі сау адам, қоғамның тең адамы екенін сезінуі үшін осы турнирлердің маңызы жақсы деп білемін.

Осымен екінші жыл қатарынан өтіп жатқан турнир дәстүрге айналмақ. Күзде дәл осындай құраммен Астанада желкенді спорттан ауқымды шара өткізу жоспарда бар, - дейді ұйымдастырушылар.

Дильназ Тұрғазыева, Бағдат Қайыркен