Роналду жылаған түн

Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы Азия біріншілігі өтіп жатыр.

Грек-рим күрес шеберлері 3 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте бірінші орыннан көрінді. 55 келі салмақта Ербол Қамалиев, 63 келіде Нұрсұлтан Базарбаев, 72 келіде Мерей Мәулітханов чемпион атанды.

ЕУРО-2024: Португалия Словенияны жеңді

Роналду көз жасына ерік берді. Германияда футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні Португалия және Словения құрамалары кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салды. Негізгі ойын уақытында есеп ашылмады. Қосымша уақытта да тараптар мүмкіндіктерін мүлт жіберіп, өзара мықтыны анықтай алмады. Әсіресе Криштиану Роналду 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады. Яғни оны Ян Облак қағып тастады. Дәл осы тұста Португалия капитаны, тіпті жылап та жіберді. Амал жоқ, жеңімпаз команданы матч соңындағы пенальтилер сериясында анықтауға тура келді. Бұл сында Португалия құрамасының жолы болып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал Словения командасы үшін биылғы құрлықтық дода осымен аяқталды.

ЕУРО-2024: Франция ширек финалға шықты

Криштиану Роналду ширек финалда Киллиан Мбаппемен кездеседі.

Жарыстың кезекті күні Франция және Бельгия құрамалары да өзара мықтыны анықтады. Бұл матчта да біразға дейін есеп ашылмады. Тек  85-ші минутта ғана Кола Муанидің тепкен добы бельгиялық қорғаушы Ян Вертонгенге тиіп, голға айналды және дәл осы нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді. Қорытынды есеп: 1:0.  Басқаша айтқанда, Франция автоголдың арқасында ширек финалға шығып отыр. Жалпы, Еуропа чемпионаты басталғалы бері  Дидье Дешам шәкірттері 4 ойында 3 гол салып, ширек финалға шықты. Аталған 3 голдың екеуі автогол, біреуі пенальтиден соғылды. Енді плей-офф кезеңі аясында тағы 2 матч қалды. Бүгін Румыния мен Нидерланды және Австрия мен Түркия  жолығады. Германиядағы Еуропа чемпионаты 15-ші шідеге дейін жалғасады. Дәл осы күні финалдық матч өтеді деп жоспарланып отыр.

Головкин кәсіпқой боксқа оралуы мүмкін

Головкин кәсіпқой боксқа оралуы мүмкін. Қазақстандық былғары қолғап шебері бұл жөнінде Boxing Scene порталына берген сұхбатында мәлімдеді.

Мен қазір өзіме ұнайтын жұмыспен айналысып жүрмін және алдымен қойылған белгілі бір міндеттер бар. Десе де, өмір үздіксіз қозғалыс екенін ұмытпаған абзал. Осы тұрғыда боксқа қатысты жақсы ұсыныстар болып жатса, қарастыруға дайынмын. Сол кезде көпшілік менің қатысуыммен өтетін кезекті жекпе-жек кешінің куәгері бола алады, - деді Генадий Головкин.

Айта кетейік, ол сәуір айында 42 жасқа толды. Головкин бүгінге дейін 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Ең соңғы рет 2022 жылы Канеломен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін барлық белдігінен бас тартты. Яғни орта салмақтағы WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарын жекпе-жексіз бере салды. Ал биыл ақпан айынан бастап Ұлттық олимпиадалық комитет президенті қызметін атқарып жүр.

Қайыров кешірім сұрады

Бағдат Қайыров жанкүйерлерден кешірім сұрады.

«Ақтөбе» командасының ойыншысы Қазақстан Премьер лигасы аясындағы матчтан кейін стадионға жиналғандардың бірін балағаттап, бейәдеп сөздер айтқан болатын. Дәл осы видео кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу талқыға түсті.

Қандай жағдай болмасын, олай айту дұрыс емес, эмоцияға беріліп кеттім. Кейін ол жігітпен кездестім. Бір-бірімізден кешірім сұрадық. Жанкүйерлер әрдайым клуб үшін уайымдайды. Сын болса көтере білу керекпіз. Қай ойыншы шықса да командаға көмектескісі келеді. «Тобыл» клубымен өткен ойын біз үшін сәтсіз болды, - деді Бағдат Қайыров.

Айта кетейік, Қазақстан Премьер лигасының 13-туры аясында «Ақтөбе» командасы «Тобылдан» 3:4 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Жеңісті күндерде жүздескенше...

«Жеңісті күндерде жүздескенше!». Дәл осындай атаумен Алматыда бильярдтан Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті.

Жыл сайын Астанада ұйымдастырылып келген жарыстың биыл Алматыда болуы бекер емес. Қазақ спортының қайрағы жалындаған жастық шағын және еңбек жолындағы өмірінің басым көпшілігін Алатау баурайында өткізген.

Марқұмның туған-туыстары мен жора-жолдастары, аға-бауырлары мен әріптестерінің барлығы жарыстың басы-қасынан табылып, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Командалық жүйе бойынша өткен бәсекеге тастаяқтың нағыз мықтылары жиналды.

Тек жеңімпаздар ғана емес жарысқа қатысушылардың барлығы қаржылай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Жарыс аясында Амангелді Сейітханов жайлы жылы естеліктер айтылып, оның қазақ спорты мен қазақ журналистикасына қосқан үлесі сөз болды.

Қайнар Олжай, ардагер журналист:

- Бүкіл қазақ Амангелдіні жақсы көретін. Бүкіл қазақ Амангелдінің әрбір сөзін есте сақтайтын. Амангелдінің «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деген тарихи сөзі қазір ұранға айналып кетті. Бүкіл спортшылардың арасында ұран болды. Сондықтан мына Амангелдінің турнирі өте қажет турнир.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Бұл жарыстың мақсаты – біріншіден, Аман бауырымыздың істегенін, еңбегін, өмірін еске алу. Ол керемет журналист, мықты спорт комментаторы еді. Оны жақсы көретін сыйлайтын бірталай ұстазы, әріптесі болған. Турнирдің ашылуында біразын айттық.

Аслан Қаженов, 24.KZ