Петропавлдық ерекше балалар спортпен шұғылданады
Петропавлдық ерекше қажеттілігі бар балалар жекпе-жек спорт түрлерімен шұғылданып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Қалада «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Қазір оған тұрақты түрде 30-ға жуық бала қатысады.
12 жасар Нұрасыл Абайдың сол қолы әлсіз. Гемипарез ауруына шалдыққан бала бұлшық еттерін күшейту үшін осында келеді. Оған әсіресе анасы риза. Өйткені бұған дейін оларды еш жерде қабылдамайтын.
Гүлия Есжанова, қала тұрғыны:
- Біз қай жерге, қандай спортқа бермедік. Алмайтын. Денсаулығына жақсы. Қолын жаттықтырады. Бізде сол жақты гемипарез ғой, мынау қолы шынықтырылады. Жұмыс істелінеді. Үйде де тапсырмалар береді. Сонымен қатар өзі қолғап киіп, үйде ойнайды.
«Жас жауынгер» клубы жарты жыл бұрын ашылды. Қазір мұнда ДЦП, аутизм, даун синдромы секілді тағы басқа ауруға шалдыққан 30-ға жуық бала жаттығады. Олар бокс, күрес, ММА жекпе-жегі мен армреслингпен шұғылданады.
Николай Кардоватов, «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының жаттықтырушысы:
- Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес. Олар осында спорт шұғылданып, ортаға бейімделеді. Бір-бірімен араласады. Өзін жақсы қырынан танытқандарын жарысқа да шығарамыз.
Балалар аптасына 3 рет тегін жаттығады. Олар үшін клубқа мемлекет төлейді. Қазір спортшылар армбэгтен Шымкентте өтетін республикалық жарысқа дайындалып жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.