Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына жолдама алды
Мейрамбек Қартбай Олимпиадаға қатысады. Париждегі жазғы ойындарға баратын балуандар саны тағы біреуге артты, деп хабарлайды 24kz.
Еркін күрестен 57 келіде өнер көрсететін Мейрамбек Қартбайға да лицензия бұйырды. Осының арқасында күрес түрлерінен бас-аяғы 8 спортшымыз медальге таласады. Ал жалпы жазғы ойындарға қатысатын жерлестер саны 90-нан асты.
Рыбакина ширек финалға шықты
Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі – Уимблдон турнирі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні әлемдік рейтингте 4-ші тұрған қазақстандық Елена Рыбакина мен 18-ші тұрған ресейлік Анна Калинская кездесті. Сәйкесінше, Елена ә дегеннен басымдықты өз қолына алып, алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші сетте қарсыласы жарысты жалғастырудан бас тартты. Матчтың өзі небәрі 51 минутқа созылды. Осылайша, Рыбакина сенімді түрде келесі кезеңге өтті. Ал келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі – украиналық Элина Свитолина мен қытайлық Синьюй Ван жұбының жеңімпазымен жолығады. Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева болса, үшінші айналымнан аса алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Айта кетейік, Лондон қаласындағы турнир 14 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры рекордттық деңгейге өсті. Яғни 63 миллион долларды құрайды.
Ж.Әлімханұлы: Жеңісті күндерде жүздесейік
«Елде жүргендей сезім сыйлаған жанкүйерлерге мың алғыс. Жеңісті күндерде жүздесейік». Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы осындай пікір білдірді. Ол бірер күннен кейін кезекті жекпе-жегін өткізеді. Соның аясында америкадағы қазақ қыз-жігіттерімен кездесіп, ашық форматтағы дайындық өткізді. Айта кетейік, жерлесіміз Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады. Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен ұтты. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек осы белдіктің иегері. Оның еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді соларды қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Ал Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас 13 шілде күні Лас-Вегас қаласында болады.
Футболдан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр
Бас жүлдеге Астана мен Ақтөбе таласады. Елордада футболдан 13 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасып жатыр. Бұл – мамандандырылған спорттық мектеп шәкірттерінің ресми ішкі біріншілігі. Яғни дәл осы жас деңгейіндегі өрендер үшін жылдың басты бәсекесі саналады. Биылғы аладоп аламанына барлық аймақтан 16 команда жиналды. Олар 4 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Одан кейін плей-офф кезеңі, ширек финал және жартылай финал ұйымдастырылып, нәтижесінде бас жүлдеге Астана мен Ақтөбе құрамалары таласатын болды. Ал Тараз және Павлодардан келген командалар қола жүлдені сарапқа салады. Айта кету керек, жарыс кәсіпқой футбол форматына өтіп жатыр. Астана қаласының әкімдігі және осындағы №8 спорт мектебі қолға алған ел чемпионаты 10 шілдеде мәресіне жетеді.
Қыздар арасында футболдан ұлттық мектеп лигасы ұйымдастырылды
Бұрымды футболшылар да елордада бас қосып, өзара мықтыны анықтай бастады. Ұлттық мектеп лигасы аясында ұйымдастырылған жарысқа 13 команда жиналды. Ерекшелігі сол, бұл бәсеке еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әсіресе шалғай елді мекендердегі талантты қыздардың жолын ашып, кеңінен танылуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта жыл басынан аудандар мен облыстарда арнайы іріктеу өтті. Енді ең мықты деген командалар Астанада бас жүлдені сарапқа салып жатыр. 7 және 8-сынып оқушылары арасындағы жарыс 12 шілдеде мәресіне жетеді. Әзірге топтық кезең қорытындысы белгілі. Атап айтқанда, Маңғыстау, Павлодар, Қызыорда облыстары және Алматы қаласының командалары үздіктер қатарында. Алда енд плей-офф және финалдық кезеңдер бар.
Астанада конкурдан қалалық ашық біріншілік өтті
5 аймақтың үздіктері Астанада бас қосты. Бұнда конкурдан қалалық біріншілік ұйымдастырылып, 80-ге жуық қатысушы жиналды. Айта кету керек, жүлде қоры қомақты. Жалпы сомасы 12 млн теңге сыйақы тағайындалды. Сәйкесінше, бәсекелестік те жоғары болды. Тіпті медальге таласқандар арасында ұлттық құраманың өкілдері де бар. Сонымен жарыс 7 санат бойынша өткізілді. Атап айтқанда, «Балалар» санатында «Шах» тұлпарын тақымдаған Әмира Қабжанова жеңіске жетсе, «Жасөспірімдер» санатында «Таймаз» жылқысымен Бабаян Эстелла топ жарды. Ал «Әуесқойлар» арасында «Кайло Рен» тұлпармен Краузе Валентина ең үздік нәтижені тіркеді. «Ересектер» санатында «Диаз» жылқысын мінген Әнуар Досмайылов чемпион атанды. Бұған қоса, 4, 5 және 6 жастағы аттар санаттары бойынша да бөлек бәсекелер болып, жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды.
Аманжол Хасенов, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жетекшісі:
- Бұл жарыс жыл сайын дәстүрлі өтеді. Біз оны Астана күні және Домбыра күніне орай ұйымдастырамыз. Қатысушылар олимпиадалық талап бойынша әртүрлі санатта бақ сынады. Барлық жас деңгейіндегі жылқылар мен спортшыларға мүмкіндік бердік. Жыл соңында дейін дәл осы жерде тағы бірқатар аймақтық және республикалық маңызы бар жарыстарды қабылдауды жоспарлап отырмыз.