Испания төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанды

Спорт демекші, футбол сүйер қауымның назары соңғы бір айда Еуропаға ауған еді.

Енді, міне, Германиядағы теңбіл доп мерекесі мәресіне жетті. Испания мен Ұлыбританияның арасындағы матч қалай өрбіді? Спорт шолушысы Аслан Қаженов егжей-тегжейін айтып беруге дайын тұр.

Диктор:

- Еуропа чемпионына қатысты сарапшылардың бұған дейін келтірген болжамы дөп келді ме? 

Аслан Қаженов, тілші:

- Испания төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанып, құрлықтық доданың рекордын жаңартты. Германия төрінде бір айға созылған аладоп аламаны аяқталды. Финалда Англия және Испания құрамалары кездесіп, соңғысы 2:1 есебімен басым түсті. Барлық гол екінші таймда соғылды. 47-минутта Испания сапындағы Нико Уильямс қарсыластар қақпасының осал тұсын тауып, командасын алға шығарған. 73-минутта Коул Палмер таразы басын теңестірді. Ал, Микель Оярсабаль 87-минутта мергендігімен көзге түсіп, матч тағдырын овертаймға жеткізбей шешіп тастады. Осылайша, Испания құрамасы Еуропаның 4 дүркін чемпионы болды. Бұл – өзіндік рекорд. Бұған қоса, құрлықтық додада қатарынан 7 матч жеңіске жеткен алғашқы команда атанды. Ал Еуропа чемпионатының ең үздік ойыншысы атағы Испания жартылай қорғаушысы Родриге бұйырса, оның командаласы Ламин Ямаль ең үздік жас ойыншы сыйлығына ие болды. Англия құрамасы болса, керісінше, антирекордттар тіркеді. Мәселен, ағылшындар бүгінге дейін Еуропа чемпионатын бірде-бір рет ұтып көрмеген. Ал, жаттықтырушысы Гарет Саутгейт Еуропа чемпионатының финалына қатарынан екі рет шығып, екеуінде де жеңілген алғашқы бапкер деген атаққа ие болды.

Луис де ла Фуэнте, Испания құрамасының бас бапкері:

- Испания лайықты түрде жарыс жеңімпазы атанды деп ойлаймын. Еліміздің намысын қорғаған жігітерді мақтан тұтамын. Олар үмітті ақтады. Біз жаңадан ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Қолда бар мүмкіндікті барынша пайдаланып,ойынға динамика мен жылдамдық қосуға тырыстық. Бұған қоса, допқа көбірек иелік ету керек деген тапсырма берген едім. Оны бұлжытпай орындады. Жалпы командамызда ауызбіршілік бар. Бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Осы фактордың да жеңіске жетуге үлесі болды.

Гарет Саутгейт, Англия құрамасының бас бапкері:

- Жігіттер барын салды. Десе де, қарсыластардың мықты екенін мойындау керек. біздің тараптан қателіктер болғанын білемін. Оны ескереміз. Ең бастысы – командамыздың әлеуеті жоғары екенін көрсеттік. Әсіресе,болашағынан үміт күттіретін жас ойыншылар шығып келеді. 2, 4, тіпті 6 жылда солардың жемісін көреміз деген үміттемін. Бүгін жолымыз болмады. Бірақ алдағы айтулы аламандарда осындай тұрақты ойын көрсетіп, ешбір елге есе жібермеуге тырысамыз.

 

Астанада футболдан ерекше форматтағы жарыс ұйымдастырылды

Құрылыс саласының мамандары демалыс күндерін жасыл алаңда өткізді. Астанада алғаш рет футболдан ерекше форматтағы жарыс ұйымдастырылды. Оған қарапайым кірпіш қалаушылардан бастап, ірі команиялардың басшыларына дейін жиналды. Бас-аяғы 16 команда қатысты. Олар 4 топқа бөлініп, алдымен іріктеу кезеңін өткізді. Одан кейін плей-офф кезеңі, ширек финал, жартылай финал және финалдық матчтар болды. Жарыстың барысында кәсіпқой төрешілер қызмет етті. Бұған қоса, кездесулердің көрсетілімі  әлеуметтік желілерде тікелей эфирде таратылды. Әуесқой аяқдопшылар арасындағы турнир енді алдағы жылдары дәстүрлі түрде қолға алынбақ. Сәйкесінше, қатысушылардың саны мен жарыстың ауқымын ұлғайту да жоспарда бар.

 

Жәнібек Әлімханұлы рингке қашан оралады?

Жәнібек 2-3 айда рингке оралады. Қазақстандық кәсіпқой боксшының менеджері Берік Сұлтан осындай мәлімдеме жасады. «Көп спортшылар сияқты біз де салмақ жасау барысында қиындыққа тап болдық. Бірінші рет осындай жағдайды бастан өткердік. Оңай емес екен! Түнімен ауруханада болдық! Мұны да көру керек болған шығар! Қазір Жәнібектің жағдайы бірқалыпты. Денсаулық бірінші орында! Бұйыртса, 2-3 ай қалыпқа келіп, рингке қайта ораламыз», - деді Берік Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасына қалдырға жазбада.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда, денсаулығының сыр беруіне байланысты бұл жекпе-жек кейінге қалдырылды.

Жәнібекті титулдан айыру керек. Жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичтің командасы осындай мәлімдеме жасады. Яғни, өтпей қалған жекпе-жекке байланысты қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының атақ-дәрежесі тартып алуға шақырды. «Бұл жаңалық Андрейге ауыр соққаны рас. Меніңше, Жәнібекті титулдан айыру керек. Одан белдікті алып қоятынына және жуық арада бос тұрған атақ үшін таласатынымызға сенімдімін.Соңғы 10-12 ай бойы үздіксіз жұмыс істеп, бұл айқаста жеңіске жету жолында аянбай тер төктік, сондықтан бұл жаңалықтан соң жүрегіміз қарс айырылды. Жәнібек бізді ғана емес, ESPN телеарнасын, промоутерлерін тығырыққа тіреді. Бәрінің күл-талқаны шықты», - деді Андрейдің бапкері әрі менеджері Айзек Пич. Айта кетейік, қазір Жәнібек ауруханадан шықты. Ал, енді оны чемпиондық атақтарынан айыра ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Бұндай шешімді халықаралдық бокс ұйымдары қабылдайды.