20 шілде – Халықаралық шахмат күні
Халықаралық федерацияның бастамасымен 1966 жылдың 20 шілдесінен бері зияткерлік ойын күні аталып өтеді.
Қазір шахмат әлемде кең тараған ойынға айналды. Бұл сайыс – Қазақстанда да танымал спорттың бірі. Былтыр шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Бағдарлама мектептердегі үйірме санын көбейтуді көздейді.
Елордалық Айза Төлекенованың жасы 14-те. Ол – жасөспірімдер арасындағы шахматтан Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Қазір халықаралық деңгейдегі сайысқа дайындалып жүр. Жаттығуы жемісті болу үшін ата-анасын Өскеменнен Астанаға қоныс аударуға көндірген. «Себебі туған жерінде спорттың бұл түрінен секция болған жоқ», – дейді.
Айза Төлекенова, шахматтан жасөспірімдер арасында ел чемпионы:
- Менің анам мені әрдайым қолдайды. Ол маған: «Айза сен бәрін істей аласың, ақылдысың. Чемпионатқа бар, өз жеңісіңді көрсет», – деп айтады. Маған: «Шахматқа барасың ба? Жарайды, мен сені апарамын. Астанаға барасың ба? Апарамын», – деп айтып, қолдап, шахматқа көтерді.
Осыдан 10 жыл бұрын шахмат мектептеріне бірен-саран жас келетін. «Ал бүгінде зияткерлік ойынға сұраныс артып, секцияға жазылған балалар көбейді», – дейді жаттықтырушылар. Мысалы, Айза баратын шахмат клубынан Бибісара Асаубаева мен Қазбек Нөгербек сынды әлем чемпиондары шыққан.
Абылай Тастамбеков, шахмат клубының директоры:
- Шахмат арқылы біз баланың мінез-құлқы мен көзқарасына оң ықпал жасай аламыз. Бұл ойынға әуестенген баланы «тентек» деп айтуға болмайды. Қазір біздің клубқа мың оқушы келеді. Ешқайсысының жаман әдеті жоқ. Олар әр сұраққа ойланып барып, мардымды жауап береді. Біз шахмат арқылы баланы тәрбиелеп отырмыз.
Былтыр Мемлекет басшысы федерацияның алдына шахмат үйірмелерінің санын ұлғайту міндетін қойған еді. Қазір кешенді жоспар бекітілді. Онда мектеп оқушыларын осы ойынға баулу мен тиісті педагогтерді дайындау мәселесі қарастырылған. Ал құжаттың стратегиялық мақсаты шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасын әлем бойынша үздік ондыққа енгізу болып табылады.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:
- Шахматты мектептерге енгізу 2015 жылдан басталған болатын. Олар факультативті пән ретінде болды. Былтыр 42 мектепте шахматты факультатив емес, міндетті пән ретінде қосып жатырмыз: қазақ мектептерінде, орыс гимназия мектептерінде. Пилоттық мектептер өз жұмысын атқарып жатыр. Биыл 350 мектепті қыркүйек айынан бастап қосамыз.
Елде төртбұрышты тақтаны жанына серік еткен 200 мыңнан астам шахматшы бар. Олардың саны күн санап өсіп келеді.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.