«Хабар» агенттігі Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді
Спорт жанкүйерлері сарыла күткен Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына бірнеше сағат ғана қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Дүбірлі доданы «Хабар» және «El Arna» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Ашылу салтанатын бүгін 22:30-да Жандос Айтбайұлы мен Асхат Жақаев жүргізбек. Ал медальға талас ертең 13:20-дан басталады. Жарыс жолына оқ ату шеберлері шығады. Әріптестеріміз бокс, дзюдо, күрес сынды 10-нан аса спорт түрінен жеңісті сәттерді назарларыңызға ұсынуға дайын. Жалпы көлемі 300 сағаттық трансляция жүргізіледі. Оған 7 комментатор бекітілді. Ал Париж қаласынан 4 журналисіміз хабар таратады. Арнамыздың спорт жаршысы Аслан Қажен кешелі бері сағат сайын спортшылар дайындығынан хабар таратып отыр.
Айта кетейік, комментатор құрамына биыл Аменгелді Сейітханның ұлы Бекасыл Сейітхан қосылды. Жас маман байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып жатқанын айтады.
Бекасыл Сейтхан, спорт комментаторы:
- Олимпиада алдындағы сезім керемет. Себебі алғашқы үлкен додам жүргізетін, бұйырса. Дәл осы Олимпиаданың алдында іріктеу ойындарының барлығын мен жүргіздім. Спортшыларды өте жақсы танимын, олардың қалай өнер көрсеткенін. Енді, міне, Олимпиадада дәл сондай қарқынмен жүргіземіз.