Юлия Путинцева Париж Олимпиадасына қатыспайды
Қазақстандық тенисші Юлия Путинцева Париж Олимпиадасына қатыспайды.
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы мәлімдеді. Хабарламада спортшының Парижге барып, ойындарға дайындықты бастағаны, дегенмен жарыс алдында тізесінің қатты ауырғаны айтылған. Ал медициналық тексеруден кейін байрақты бәсекеге қатысудан бас тартқан.
Айта кетейік, отандасымыз алғашқы матчын бүгін украиналық Марта Костьюкке қарсы өткізу керек болатын.
Юлия Путинцева, спортшы:
- Мен өз құрамамды ешқашан жерге қаратқаным жоқ. Әрқашан матчтарда барымды салатынмын. Қазақстан құрамасында қандай құлшыныспен ойнағанымды бәрі біледі. Қуаныш пен құрметке бөлендім. Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Өкінішке қарай, бұл жолы мен тіпті кортқа шыға алмаймын, бұл маған ауыр тиді.