Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалға шықты

Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалға шықты, деп хабарлайды 24kz.

66 келі салмақ санатындағы дзюдошымыз бұл жолы татами иесі франциялық Валид Хиярды жеңді. Бастапқыда шидо саны бойынша спортшымыз есе жіберген. Алайда белдесу соңына қарай ширақтық танытып, қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ол бұған дейінгі белдесулерде испаниялық Давид Гарсия Торне, Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулға дес бермеді. Алты алаштың осы спорт түрінен ендігі үміті – Ғұсман. Жерлесіміз 2021 жылғы Әлем чемпионатында күміс, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінде қола жүлде еншілегенін айта кетейік.