Елордада шағын футболдан BAQ Liga маусымы аяқталды

Елордада шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Шешуші ойын 24kz пен «Қазмедиа» командалары арасында өтті.

Ділназ Тұрғазиева, тілші:

- Шағын футболдан өткен кезекті BAQ Liga-ның 14-ші маусымы мәресіне жетті. 2,5 айға созылған тартысты додада аймақтағы ақпарат құралдарының өкілдері де спорттық қарымын шыңдады.

Әзиз Жұмаділ, BAQ Liga жетекшісі:

- Бақ лиганың мақсаты – БАҚ өкілдерінің басын тимбилдинг алаңына біріктіру. Өйткені біз журналистер бір-бірімізбен ресми кездесулерде болмаса, бейресми алаңдарда кездесе бермейміз. Бұл жерде көп жағдайда ойын ойнап кету ғана емес, ойыннан кейін бір-бірімізбен шығармашылық пікір алмасу. Ортақ шығармашылық жоспар құру. Әрі қарай өзіміздің достығымызды да, шығармашылығымызды да дамыта береміз.

Биылғы маусымда түрлі БАҚ өкілдерінен құралған 14 команда бақ сынады. Олар «А» және «В» лигаларына бөлінді. Осылайша, «А» лигасында бас жүлдеге 24kz пен «Қазмедиа» командалары таласты. Финалдық бәсекеде 4:1 есебімен «Қазмедиа» жеңімпаз атанды. 24kz арнасы жүлделі екінші орынды қанжығаға байлады.

Абылай Ыбрайұлы, «Қазмедиа» командасының ойыншысы:

- Соңғы 3 маусымда қатарынан біз чемпион болдық. Биылғы маусым біз үшін өте қиын болды. Өйткені 24kz командасынан 11 ұпайға қалып келе жатып, осы соңғы турда чемпиондықтың тұсауы кесілді. Біз жеңіп, чемпиондыққа қол жеткіздік. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Берік Шарав, 24kz командасының ойыншысы:

- Біздің командамыз құрылғанына 1 жыл болды. Өткен жылы әріптестерімізбен құрылып шыққан болатынбыз. Алғашқы маусымда екінші лигада ойнап, 2-орынды қанжығаға байлаған едік. Осы жылы ең жоғарғы лигада өнер көрсетіп, 14 тур бойы 1-орында келе жатып, соңғы турда ғана сәл сәттілік жетіспей қалды. Сөйтіп, 1-орынды уыстан шығарып алдық.

Қатысушылар тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Бұқаралық спортты дамытуға және БАҚ өкілдері арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Абдулхамит Бөлекбаев