Олимпиада-2024: боксшылар бәсекесі қыза түсті

Олимпиаданың алғашқы күнінен боксшыларымыз іріктеу сындарына қатысып келеді. Осыған дейін 63,5 келі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы испаниялық қарсыласын жеңіп, алғашқы жекпе жегінен сүрінбей өтті. Ал кеше 3 бірдей боксшымыз сайысқа түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Олимпиаданың кезекті күні қазақ боксшылары үшін қызу тартысқа толы өтті. Шаршы алаңға алғашқы болып Айбек Оралбай шығып, іріктеу кезеңінде нигериялық былғары қолғап шеберін тізе бүктірді. Одан кейін рингке Қазақстан ұлттық командасының капитаны Асланбек Шымбергенов шығып, сәтсіздікке ұшырады. Иорданиялық қарсылас дес бермей, есеп 3:2 болып аяқталды.

Асланбек Шымбергенов, боксшы:

- Бәрі дұрыс болды. Бәрі ойдағыдай болатын. Рингке шықтық. Қолымыздан келетіннің барлығын жасадық. Алланың қалауы сондай болып тұр екен. Көнеміз енді. Не істейміз?!

Мырзағали Айтжанов, ҚР бокстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Бұйырмай тұр екен деп айтуға болады. Қарсылас та оңай емес. Бұлар бұның алдында да кездесіп жүрген. Қарсыласты ұтуға деген құштарлығы басым болған сияқты. Өте көп жұмыс істеді. Енді шеберлігі жоқ болса да, жүгірді қалай болса солай. Бұл – Олимпиада. Бұл жерде жеңісті төрешілер оған берді. Біз енді жеп қойды деп айта алмаймыз. Неге десек, тең дәрежедегі кездесу.

Шаршы алаңдағы кездесудің тағы бірі әйелдер арасындағы бокс бәсекесі аясында өтті. 50 келіге дейінгі салмақтағы іріктеу сайысында Назым Қызайбай Италиялық боксшы Джордана Соррентиноны тізе бүктірді. Отандасымыз алғашқы раундта азырақ ұпай жинағанымен, кейінгі екі бөлімде қарымта соққысы үдеп, қарсыластан жеңісті іліп әкетті. Екі дүркін әлем чемпионы болған Назым: «бұл тек басы ғана», – дейді.

Назым Қызайбай, боксшы:

- Әрине, Олимпиадада бокстасу атмосферасы өте керемет. Адамдар көп. Бірақ ұнады өзіме. Бірінші жекпе-жек болғаннан кейін мүмкін ағайларды кішкене қобалжытып жіберген шығармын. Бірақ бәрі жақсы болды. Ең бастысы, жеңдік. Енді, әрине, бұл жерге құр келгеніміз жоқ. Келесі жекпе-жекке бұдан да жақсы дайындалып, бар күшімізді саламыз.

Ендігі кезекті бүгін кешке Қамшыбек Қоңқабаев пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж төрінде өнер көрсетеді. Бұның барлығы 24KZ тілшілері назарында болады.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Әнуар Абдрахман.