Әзербайжанда Көшпенділер ойындары таныстырылды
Елордада қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1,5 айдан аз уақыт қалды.
Дүбірлі додаға дайындық қызу жүріп жатыр. Еліміздің шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері спорттық шараны таныстыруды бастап кетті.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Тап қазір Бакудің кез келген сауда орталықтарына барсаңыз, қыркүйекте Астанада өтетін V Көшпенділер ойындары жайлы бейнероликтерді көруге болады. Мысалы, мынау – Әзербайжандағы ең ірі сауда орталығы Денизмол. Бұл – туристердің ең көп келетін орындардың бірі.
Исмира Ескендерова, жергілікті тұрғын:
- Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтетініне қуаныштымын. Бұл түрлі спорттық жарыс қана емес, көшпенділер мәдениетінің, түбі бір түркі елдері арасындағы қарым-қатынастың нығаюы мен салт-дәстүріміздің жаңғыруына түрткі болады. Барып, өз көзіммен көрсем деймін.
Жергілікті арналар да халықаралық дода жайлы түрлі қызықты хабарлар таратып, барынша жарнамалап жатыр.
Жалпы Бакудің 2,4 млн тұрғыны бар. Дерекке жүгінсек, бұл елге жыл сайын 1 миллионнан аса турист саяхатайды. Қазақстандық туристердің де саны артып келеді.
Жанайым Қыдырғали, турист:
- Баку қаласына еңбек демалысына келгенбіз. Осындағы ірі сауда ортылықтарында, көшелерде LED экраннан біздің Астана қаласында өтетін Көшпенділер ойындары жайлы бейнеролик көріп жатырмыз. Бұл, әрине, көз қуантады. Үлкен мәртебе. Қуаныш. Бұл жарнамалар – еліміз үшін, еліміздің имиджі үшін жақсы мүмкіндік. Бүкіл ел көреді. Жер көреді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның мәліметінше, дүбірлі додаға Әзербайжаннан 8 сайыс түрінен 54 спортшы қатысады. Ең көбі қазақша күрес бойынша. Бұл спорт түрінен 18 палуан келмек. Туыстас елден Көшпенділер ойындарына ерікті ретінде өтініш білдіргендер де баршылық.