Қазақстандық нысана көздеушілер Олимпиадада 11-орын алды
Бүгін жарыс жолына алғашқылардың бірі болып нысана көздеуден Қазақстан құрамасының мүшелері Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова шықты.
Отандастарымыз пневматикалық тапаншамен оқ атудан сынға түсіп, сайыста 575 ұпай жинады. Нәтижесінде 11-орынға жайғасты. Алайда финалға өте алмады.
Садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы да жеңіліс тапты. Олар 1/8 айналымда италия спортшыларымен кездесіп, 4:5 есебімен жол берді. Бұл сында ел атынан Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай және Александр Еременко шыққан еді.
Қазақстандық теннисшілер Олимпиада ойындарындағы жарысын толығымен аяқтады. Бүгін ел атынан соңғы болып кортқа Александр Бублик пен Александр Недовесов шықты. Олар жұптық сында Бразилияға қарсы ойнап, қос сет қорытындысы бойынша 4:6 есебімен ұтылды. Александр Недовесов Париждегі сәтсіздіктер үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады. Айта кетейік, осыған дейін ұлттық құрама сапынан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева денсаулығына байланысты жарысқа қатысудан бас тартқан еді.
Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері өзгерген жоқ. Әдеттегідей бірінші орынға 250 мың доллар, күміске 150 мың, қолаға 75 мың доллар беріледі. Төртінші және алтыншы орын алғандарға 5 мың мен 30 мың доллар аралығында төленеді. Сондай-ақ, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындаған бірінші, жеке және бас бапкерлерге қосымша ақшалай ынталандыру қарастырылған. Егер спортшы әлемдік рекорд орнатқан жағдайда тағы 5 мың доллар, жаттықтырушысы 3 мың доллар алады.
Елсияр Қанағатов, Олимпиада және паралимпиада дайындық штабының басшысы:
Сыйақы ол мемлекет тарапынан. Одан басқа әрбір федерация бар, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар бар... Егер жеңіп жатса біз марапаттау жағынан кем қылмаймыз. Әрқашан да жақсы марапат болады.
Олимпиада чемпиондарының сыйақысы
Қазақстан Олимпиада ойындарында спортшыларды ынталандыру жағынан үздік 10 елдің қатарына кіреді. Бұл тұрғыда Сингапур мемлекеті көш бастап тұр. Олар бірінші орынға 737 мың доллар беруге дайын. Екінші орында Тайвань - 719 мың доллар, үшінші сатыда Гонконг - 644 мың доллар, 4-орын Израиль – 640 мың доллар, 5-те Түркия – 380 мың доллар, 6-орын Индонезия – 346 мың доллар, 7-де Қазақстан – 250 мың доллар, 8-орын Малайзия – 236 мың доллар, Әзербайжан – 235 мың доллар. 10-орынды Еуропа елдерінен Италия түйіндеп тұр. Олар 212 мың доллар беруге дайын.
Қазақстан құрамасы әзірге жалпы командалық есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 9-орында тұр. Көш басында Қытай. Еншісінде 5 алтын бар. Екінші орында Жапония болса, үздік үштікте Оңтүстік Корея тұр.