Париж-2024: Оңтүстік Судан әнұранының орнына Судан мемлекетінің гимні шырқалды
Әлем назары ауған Париждегі Олимпиада ойындары күн өткен сайын қыза түсуде, деп хабарлайды 24kz.
Сын сағатта түрлі кедергілерге тап болған спортшылар шеберлігінің арқасында қанжығаларын медальмен майлап жатыр. Мәселен, ұлыбританиялық велошабандоз жарыс кезінде велосипедінің дөңгелегі жарылса да, мәре соңында қарсыласын басып озды. Ал жаттығу кезінде саусағын сындырып алған австралиялық жарысқа қатысты. Париждің спорт сахнасындағы қызықты ақпарды арна тілшісі тізбектеп береді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Париж Олимпиадасында баскетболдан ерлер құрамасының кездесуі алдында Оңтүстік Судан әнұранының орнына Судан мемлекетінің гимні шырқалды. Оңтүстік Судан – 2011 жылы тәуелсіздік алған көршілес ел. Қысқа ғана үзілістен соң қате түзетіліп, Оңтүстік Суданның әнұраны қойылды. Олқылыққа қарамастан, африкалық құрама көршілерін 90:79 есебімен жеңіп кетті. Ұйымдастыру комитеті болса, баскетболшылар мен жанкүйерлерден көпшілік алдында кешірім сұрады.
Австралиялық спортшы отадан кейін сайысқа түседі
Австралиялық көгалдағы хоккей ойыншысы Мэтт Доусон Париж Олимпиадасына қатысу үшін саусағын кестіруге мәжбүр болды. Ол екі апта бұрын жаттығу кезінде саусағын сындырып алған. Бірақ Мэтт Олимпиадада Австралия намысын қорғау үшін шұғыл ота жасатты. Дәрігерлердің сөзінше, операциядан кейін қалыпқа келу мерзімі - 6 ай. Бірақ спортшы додада бақ сынап, ойынға оралатынын айтты.
Өзбекстан құрамасы алғашқы алтынын алды
Олимпиада ойындарында әйелдер арасында дзюдодан 52 келі салмақ дәрежесінде күрескен өзбекстандық Диера Келдиерова әлем чемпионы атанды. Бұл – Өзбекстан құрамасы үшін Париж олимпиадасындағы алғашқы жеңіс. Диера қарсыласы әйгілі жапон дзюдошысы Ута Абені ойсырата жеңіп, ақтық сайыста косовалық Дистрия Красничтен басым түсті. Осылайша, Өзбекстан құрамасы бір ғана алтын медальмен жалпыкомандалық кестеде он екінші орынға шықты. Ал жауырыны жерге тимеген қарсыласы жеңілісті ауыр қабылдады.
Велосипед дөңгелегі жарылған шабандоз алтын медаль еншіледі
Ұлыбритания құрамасының спортшысы Том Пидкок тау веложарысының үшінші айналымында велосипедінің алдыңғы доңғалағы тесіліп, қарсыласынан артта қалды. Бірақ велошабандоз табандылық танытып, алға жылжудан еш тайынған жоқ. Мәреге бірнеше секунд қалғанда француз спортшысы Виктор Корецкийді басып озып, 9 секунд артықшылықпен жеңіске жетті. Осылайша, Том Олимпиада чемпионы атанды. Ал француз велошабандозы күміс жүлдені иемденсе, оңтүстік африкалық Алан Хатерли қола медальды қанжығасына байлады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева