Елімізде дзюдо қарқынды дамып келеді

Елде дзюдоға қызығушылар қатары жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Жекпе-жектің бұл түріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар жеке спорт залдары да көбейген. Жыл сайын республикалық деңгейде жүзге жуық жарыс өткізіледі.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Абылай күзде басталатын ел чемпионатына дайындалып жатыр. Жас спортшы үшін бұл жарыс алғашқы бәсеке болғалы тұр. Ол дзюдо секциясына небәрі жарты жыл бұрын келіпті. «Енді тынымсыз тер төгіп, жарқын жеңістермен елімді қуантқым келеді», - дейді ол.

Абылай Жұматаев, жас спортшы:

- Маған дзюдо ұнайды. Ол күрестің әдемі түрі. Мұнда акробатика да бар, күш те бар. Иә, Олимпиаданы көріп жүрмін. Өте жақсы мотивация берді.

Елдің әр өңірінде Дзюдо федерациясының филиалдары жұмыс істеп тұр. Онда 87 мыңдай адам шұғылданады. 1200-ден астам жаттықтырушы бар. Мамандардың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда спортшылар көбейгені байқалады. Жүзге тарта республикалық және 6 халықаралық жарыс өткізіліп тұрады. Соның ішінде «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирінің орны ерекше.

Рамазан Тәубә, Қазақстан дзюдо федерациясының менеджері:

- Сол ұпайлар Олимпиадаға алу үшін үлкен себепкер болды. Өйткені шетелге баратын болсақ, біздің спортшылардан 2 адам ғана күреседі. Ал біздің елімізде 4 адамнан күресетін болады. Елдос осы Grand Slam жарысында өзінің соңғы рейтингтік ұпайларын жинаған болатын. Осы жарыс біздің дзюдоның дамуына қарқынды үлес қосып жатқаны күмәнсіз.

Отандық спорт сарапшылары дзюдошыларға соңғы жылдары көрсетілген қолдау шараларын жоғары бағалап отыр.

Жандос Қоныспаев, спорт сарапшысы:

- Үкімет тарапынан барлығы қойылған. Оқу-жаттығу жиындары болсын, қажетті мамандар болсын, витаминдер болсын, спорттық киімдер болсын, барлығы толық жеткілікті. Сондай шалқыған заманға да келдік қой. Қазір бәрі бар. Кезінде бірі жетсе, бірі жетпей тұратын. Маман жетсе, ақша жетпей қалатын. Ақша жетсе, тағы басқасы деген сияқты.

Париж Олимпиадасында дзюдошылар ел қоржынына жүлде салып қана қоймай, жасөспірімдердің жігерін де жани түсті. Отандық Дзюдо федерациясының мамандары алдағы жылы жекпе-жектің бұл түрінен елдегі секцияларға қатысушылардың қатары 100 мыңға жетеді деп болжап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат