Олимпиада күнделігі. 4-ші күні қалай өтіп жатыр? LIVE
Олимпиаданың төртінші жарыс күні қызу өтіп жатыр.
81 келі салмақта татамиге шыққан Абылайхан Жұбаназар венгриялық дзюдошыдан жеңілсе, 63 келі салмақта шыққан Эсмигүл Куюлова австриялық қарсыласқа есе жіберді. Бұдан бөлек, өзге де спортышларымыз өнер көрсетіп жатыр.
Абылайхан Жұбаназар, Қазақстан құрама командасының дзюдошысы:
- Өзім жүргізіп келе жатқанмын. Дайын барлығынан, ешқандай не болған жоқ. Барлығы жақсы болған. Формамыз барлығы. Солай болып тұрғаны. Білмеймін. Белдесудің басында ашыла алмадым. Аяқ жағында жақсы болып келе жатқан.
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Ерлер арасында 81 келіде сынға түскен ол бірінші кезеңде венгриялық Атилла Унгвариге есе жіберді. Кездесу қосымша уақытқа дейін созылып, қарсылас маңызды ұпайды алып кетті. Осылайша, Жұбаназар келесі айналымға өте алмады.
Қазақстандық дзюдошы Эсмигул Куюлова Париж Олимпиадасының бірінші кезеңінде жеңіліп қалды.
63 келіде сынға түскен Куюлова бірінші белдесуде австриялық қарсыласы Любиана Пловесанаға есе жіберді. Бүгін 81 келіде белдескен Абылайхан Жұбаназар да алғашқы айналымда жеңіліп қалған болатын.
Әзірге қазақстандық дзюдошылар еншісінде 1 алтын, 1 қола жүлде бар. Осылайша, еліміз дзюдо бойынша Олимпиада жүлделері рейтингінде екінші орында тұр. Бірінші орында 2 алтын, 3 қоламен Жапония, үшінші орынды 3 бірдей ел: Әзербайжан, Канада, Өзбекстан бөлісіп тұр
Әділбек Мусин Париж Олимпиадасында 100 метрге шалқалап жүзуден жартылай финалға өте алмады. Мусин өз тобында 8-ші орын алып, жалпы есепте 41-ші орыннан көрінді. Ал жартылай финалға үздік 16 спортшы өтті.
Дәл қазір стенд ату трап дисциплинасы бойынша іріктеу кезеңіне Мария Дмитриенко қатысып жатыр. Әлемнің ең мықты 30 мергені қатысып жатқан шарада Мария қазір 5-ші орында келе жатыр. Осы кезеңде үздік атанған 6 cпортшы келесі кезеңге өтеді. Марияға сәттілік тілейміз!
Садақ атудан іріктеу кезеңіне Ильфат Абдуллин қатысады. Қарсыласы – канадалық Эрик Питерс. Әлемдік чемпионатта үздік жиырмалықта көрінген. Тағы бір Питерс отандасымызға қарсылас болмақ. Жерлесіміз Нұрбек Оралбай аустралиялық Калом Питреспен жекпе-жекке шығады. Тынық мұхиты аумағындағы елдер арасындағы ойындарда чемпион болған. Оңай қарсылас емес.
Тағы бір боксшымыз шаршы алаңға шығады. 51 келі салмақта Сәкен Бибосынов түрік атлеті Самет Гүмүшпен кім мықтыны анықтайды. Еуропада біраз жетістікке жеткен түрік боксшысы бұл жолы қайтер екен? Сәкен басым түсе ме екен? Кешке қарай белгілі болады.