Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінің іріктеу кезеңі өтіп жатыр

Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінің іріктеу кезеңі өтіп жатыр

Алматыда жасөспірімдер арасындағы Ролан Гаррос турнирінің іріктеу кезеңі өтіп жатыр.

Бұл теннис турнирі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге Батыс және Орталық Азиядан 32 үздік ойыншы келген. Олар 2025 жылғы Франция ашық чемпионатының жолдамасын сарапқа салады.

Алматы төріне үлкен теннисте биік белестерді бағындырсам дейтін жасөспірімдер жиналды. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Ливан, Иордания және Иран елдерінен 16 ұл мен 16 қыз қатысуда. Бірінші кезекте төзімділік сынға түсуде, - дейді қазақстандық ойыншы Альбина Какенова.  Жас теннисшілер  аптап ыстыққа қарамастан, ойынға барын салуда.

Әлбина Кәкенова, теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы:

- Күн өте ыстық.  Шыдамдылық, төзімділік қажет болды. Турнир өте маңызды,сондықтан алғашында қатты уайымдадым. Бірақ бірінші сетті сенімді және жақсы ойнадым. Содан кейін екінші сеттің басында аздап қобалжыдым ба, қарсыласым басымдық көрсетті. Бірақ өзімді жинап, жеңіске жеттім. 

Алматыдағы турнир іріктеудің бірінші кезеңі ғана. Күзде жас теннисшілер Жапонияда өтетін іріктеу финалында кездеседі. Іріктеу финалының жеңімпаздары 2025 жылғы Ролан Гарростың негізгі жарысына қатысу құқығына ие болады.

Бейбарыс Исламов, турнир директоры:

- Бұл турнир біздің Қазақстанда бірінші рет өткізілуде. Бүкіл Азия елдерінде бірінші рет өткізілуде. Осы турнирдің жеңімпазы мен финалисі екі ұл бала, екі қыз бала Жапонияға жолдама алады.

Жасөспірімдер турнирінің ойын ережелері үлкен тенниспен бірдей. Бір ғана айырмашылық, доп торға тиіп өтсе ойын жалғаса береді. Алматыдағы алғашқы іріктеу турнирі 9 тамызға дейін жалғасады.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев