Қазақстандық мергендер елге оралады
Париж Олимпиадасында қоржынымызға алғашқы медальді салған мергендеріміз елге оралады, деп хабарлайды 24kz.
Естеріңізде болса, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев жұбы пневматикалық мылтықтан 10 метрге нысана көздеуден қолаға қол жеткізген еді. Бұл – Қазақстан үшін осы спорт түрінен кейінгі 28 жылдағы алғашқы Олимпиада медалі. Былтыр Ислам мен Александра дуэті Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдесін еншілеген еді.
Анвар Юнусметов, Қазақстан Спорттық ату федерациясының атқарушы директоры:
- Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет осы спорт түрінен Олимпиада ойындарына 6 спортшымыз қатысты. Бұған дейін бір, екі немесе 4 адам өнер көрсетіп келген еді. Сонымен қатар бас бапкерден бөлек, аға бапкерлерге де Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл бізге үлкен серпін берді.
Ольга Довгун, оқ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Осы спорт түрінен негізінен Азия елдері өте мықты. Оқ атудан жалпы есепте Қытай көш бастады. Екінші орында Корея. Біз болсақ, 92 елдің арасында 11-орынға жайғастық. Менің ойымша, бұл тәп-тәуір көрсеткіш.