Қазақстандық еріктілер халықаралық шараларда белсенді қызмет етеді. LIVE

Париж Олимпиадасының олқылықсыз өтуіне еріктілер де өлшеусіз үлес қосып келеді.

Дәл қазір өтіп жатқан жазғы ойындарда әлемнің 150 елінен келген 30 мың адам ерікті ретінде еңбек етіп жүр. Тағы 15 мың адам тамыз-қыркүйек айларында өтетін Паралимпиада ойындарында тегін көмек көрсетеді. Олардың арасында отандастарымыз да бар көрінеді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Париж Олимпиадасындағы өзіңіз айтқан 45 мың ерікті көрермендерге жол көрсетіп, журналистер мен атлеттерді бағыттап, қонақтарды қарсы алу,   сайысқа қажетті құралдарды тасу, орнату, қарапайым теннис доптарын алысып жіберу, билет тексеру, логистика, аударма, алғашқы көмек көрсету топтарына қолғабыс болу, мәдени шараларды ұйымдастыру деген секілді көпфункциялы қызметте жүреді. Сондай мамандардың бірімен біз әйгілі Роллан Гаррос аренасында кездесіп қалдық. Жерлесіміз Шолпан Губаева Рафаель Надаль, Новак Джокович сынды теннис жұлдыздарының қасында жұмыс істеген.

Шолпан Губаева, Париж Олимпиадасындағы ерікті:

- Мен журналистерге, түрлі БАҚ өкілдеріне жәрдемдесетін ерікті қызметіндемін. Күндізгі бөлімде таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеймін. Ең қиыны – күннің ыстығында сыртта қалып қою. Алайда тұратын позицияларымыз ауысып тұрады, сондықтан бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Қызық болғаны сонша, күннің қалай өткенін байқамай қаласыз.

Шолпанның бұл позицияға өтуіне оның шет тілдерін жақсы меңгергені себеп болған. Тура сондай отандасымызды бәріміз асыға күтетін бокс аренасынан көріп қалдық. Ерік Балабатыр есімді азамат Солтүстік Париж аренасында адамдарға жол көрсетіп, отыратын орындарын табуға жәрдемдеседі.

Ерік Балабатыр, Париж Олимпиадасындағы ерікті:

- Мен түскі 3-тен кешкі 11-ге дейін қызмет етемін. Ауысып тұрамыз. Қатты шаршататын жүктеме жоқ. Осы аренада 45 ерікті бармыз. Бәрі ашық-жарқын, жайдары жандар. Ешқандай жалақы алмаса да, бәрі құлшынып қызмет етіп жүр.

Өздеріңіз көргендей, Еріктің басындағы бас киімдегі Қазақстан деген жазу бар. Соны оқып, елімізді танып, Ерік арқылы спортшыларымызға, бокс жұлдызы Геннадий Головкинге сәлем жолдағысы келетіндер көп екен. Ерік те бокс аренасына өз таңдауымен түскен. Бір жақсысы, волонтерлер өз отандасы жарыс жолына шыққанда ерікті жұмысын тоқтата тұрып, аренаға барып, көруіне рұқсат етілген. Ерік те көк туымызды алып, талай боксшымызға жанкүйер болып жүр. Соның бірі бүгін кешке Нұрбек Оралбайдың финалдық жекпе-жегі болмақ. Тегін жол жүру, тегін тамақ пен униформа, жерлесіңе жанкүйер болу секілді жақсы жақтарын көріп, сіз де ерікті болам десеңіз, мұның анау айтқандай қиын нәрсе емес екенін айтамын. Негізгі критерийлеріне тоқтала кетсек.

Халықаралық шараларда ерікті болуға қойылатын негізгі талаптар:

- Кәмелеттік жасқа толу

- Шара өтетін елдің тілін және өзге де шет тілдерін білу

- Денінің сау болуы

- Тәжірибе

- Арнайы дағдылар

- Топта жұмыс істей алу

- Тез бейімделу

- Жауапкершілік

Осы талаптар болса, шарадан бір жыл бұрын басталатын іріктеу кезеңіне қатысасыз. Сосын қажеті құжаттарды толтырған соң сұхбаттасу кезеңіне өтесіз. Одан өтсеңіз, арнайы шақырту алып, оқу жаттығу жиындарына қатысасыз.