Олимпиада күнделігі: 14-ші жарыс күні қалай өтіп жатыр?

Бүгін Париж Олимпиадасының 14-ші жарыс күні. Қазақстандық атлеттер спортың 5 түрінен: таэквондо, еркін күрес, каное есу, заманауи пентатлон мен жеңіл атлетикадан бақ сынап жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Олардың нәтижесі қалай болғанын және бүгінгі күн несімен есте қалғанын Париждегі арна тілшісі Ердана Ержанұлы баяндайды.

Диктор:

- Ердана, қайырлы күн, Олимпиада алаңдарындағы ахуал қалай?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Жалпы жарыстардың аяқталуына екі тәуліктен аз уақыт қалды. Мұндағы атмосфера алғашқыдай емес, қызу қарбалас жоқ. Тіршілік сәл саябырсыған. Қазіргі уақытта жерлестеріміз қатысқан бес спорттың төртеуінің нәтижесі бар. Толығырақ Олимпиада күнделігінде баяндаймын.

Бүгін алғашқы болып, жарысқа Таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі Батырхан Төлеуғали (80 келі) шықты. Ол 2024 жылғы Олимпиадаа ойындарының  іріктеу айналымын сәтті бастады. Алғашқы айналымда Батырхан малилік Исмаил Кулибалимен кездесіп, 2:1 есебімен жеңді. (4:5, 1:1, 1:2) Одан кейін жас спортшы 1/8 айналымда екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Симоне Алессиомен кездескен еді. Тартысты жекпе-жекте тәжірибелі италиялық спортшы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Біз бапкерін сөзге тартқан едік, жауабы былай болды.

Нұрсұлтан Мамаев, таэквондодан Қазақстан құрама командасының аға бапкері:

- Батырхан өте жас спортшы. Үлкен аренаны әлі көрмеген. Бірінші рет шығып тұр. Бұл, әрине, сылтау емес. Қазір Батырхан жайлы шешім шығару ерте. Неге олай болғанын қазір айта алмаймын. Бүгін Батырханды жеңген қарсыласымен осыған дейін де кездескен. 0:0 болды да, қарсыласы төрешілер шешімімен жеңген еді.

Батырхан Қазақстаннан қатысқан қос таэквондошының соңғысы. Кеше Қазақстан атынан Самирхон Абабакиров та сынға түскен еді. Алайда ол Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты. Ерлер арасында 58 келі салмақта сынға түскен Абабакиров алғашқы айналымда Олимпиада чемпионы, италиялық  Вито Дел'Акилаға қарсы шыққан болатын. Алғашқы кезеңде 12:6 есебімен басымдық танытқан Самирхон соңғы екі кезеңде қарсыласқа есе жіберіп алды. Алайда оның қарсыласы финалға жетпей, Самирхон жарыс жолынан шығып қалған еді. Қос таэквондошының өнерінен кейін біз команданың аға бапкері Нұрсұлтан Мамаевтан пікір алған едік. Соған назар аударсақ.

Нұрсұлтан Мамаев, таэквондодан Қазақстан құрама командасының аға бапкері:

- Самирхонның бұл жарыста алтын медаль алатынына сенімді болдық. Ең басты қарсыласы сол италиялық спортшы еді. Соңғы Олимпиадада да, Әлем және Еуропа чемпионатында да алтын алған. Кейінгі өткен Гран-при жарыстарында да алтын алып жүрді. Самирхонның сол қарсыласпен жолы болмай жүрді. Кеше өздеріңіз көрдіңіздер. Мен Самирхон ұтылды деп те айта алмаймын. Бір сөзбен айтқанда, сәтсіздік болды. Тәжірибесі жетпеді деп те айта алмаймын. Психологиялық дайындығы да мықты болды. Тек жолы болмады.

Одан кейін жарыс жолына Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Юсуп Батырмұрзаев (125 келі) шықты. Алайда спортшымыз Олимпиаданың ширек финалына шыға алмады. Бірінші белдесуде ол Еуропа чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, польшалық Роберт Баранға есе жіберді. Нәтиже – 1:4. Егер Роберт Баран финалға дейін сүрінбесе, Батырмұрзаев жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алады.

Париж Олимпиадасында екі адамдық каноэде есуден (500 метр) В финалы аяқталды. Бұл бәсекеде Қазақстан атынан Мария Бровкова мен Руфина Искакова сынға түсті. Қазақстандықтар өз тобында үшінші орын алып, жалпы есепте 11-сатыға табан тіреді.

Сондай ақ ертең соңғы палуанымыз Әлішер Ерғали сынға түседі. Қарсыласы Мысырлық Эльдерс Мустафа болмақ. 25 жастағы спортшы 97 келі салмақта белдеседі.