Том Круз Олимпиада жалауын Лос-Анджелеске алып кетті

Париж іргесіндегі "Стад де Франс" стадионында жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті.

Онда француз және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен бірнеше сағаттық шоу ұйымдастырылды. Әдеттегідей жабылу салтанатында спортшылар шеруі, әйелдер марафонының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қоса шоуда Билли Айлиш, Снуп Догг секілді америкалық әншілер өнер көрсетті. Олардың барлығы - Калифорния тумалары. 4 жылдан кейін келесі ойындар дәл осы штатта орналасқан Лос-Анджелес қаласында өтуі тиіс. Ал танымал америкалық актер Том Круз Олимпиада жалауын Лос-Анджелеске әкетті.

«Ең жасыл» Олимпиада ойындары

Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы дүбірлі доданы жоғары бағалады. Айтуынша, қазір әлемде түрлі текетірестер жүріп жатқанда, спортшылар тату-тәтті өмір сүріп, "бейбітшілік мәдениетін" көрсете білді. Жалпы сарапшылар бұл 20 жылда ең аз ақша жұмсалған жарыс болғанын айтады. Өйткені Париждегі спорттық инфрақұрылым дайын болған. Ұйымдастырушылар оларды тек жөндеуден ғана өткізген. Жаңа ірі нысандар салынбаған. "Стэндэрт энд Пурс" агенттігінің есептеуінше, шараны өткізуге 9 миллиард еуро кеткен. Сонымен қоса бұл "ең жасыл" Олимпиада болды. Оның барысында 32 спорт түрі бойынша медальдер 329 жинағы ойнатылды. Медальдер кестесінде 126 алтын алған америкалықтар бірінші орында. Франция астанасында осымен үшінші рет өткен додаға биыл 206 ұлттық құрамадан 10 мыңнан аса спортшы қатысқан.      

БЛИЦ

  1. "Олимпиада ойындарының тез аяқталғаны өкінішті. Десе де Париж тұрғыны ретінде бәрін өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Енді паралимпиада ойындарын асыға күтеміз".
  2. "Маған бұл Олимпиада ойындары ұнады. Парижде уақытты керемет өткіздім. Жергілікті жұрт жылы шырай танытты".