Футзал: Қазақстан – Тәжікстан – 3:0

Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды 24kz.

Маңызды кездесудің екінші таймында Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Ақжол Дәрібай қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасын алға шығарды. Бұл кездесу футзалдан 2024 жылы өтетін әлем чемпионаты алдындағы дайындықты пысықтауға арналған жолдастық 5 матчтың бірі. Тәжікстан құрамасы да биылғы әлем чемпионаты алдында дебюттік ойынын өткізіп отыр. Аталған командаға қарсы қарымта матч 24 тамызда жалғасады. Ал Қазақстан футзал шеберлері осы айдың 30-ы және 1 қыркүйек күндері Астанада Иранға қарсы ойнайды. Сондай-ақ 8 қыркүйек Аргентина құрамасына қарсы алаңға шығады. Футзалдан Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиындары 10 қыркүйекке дейін созылады. Биыл әлем чемпионаты 15 қыркүйекте Өзбекстанда басталады.

Нұрсұлтан Құрман, Қазақстан футбол қауымдастығының вице-президенті:

- Дайындық өте жақсы. Екі апталық дайындықтан кейінгі алғашқы ойын болғандықтан кішкене қиындау болды. Бірақ рет-ретімен қадам-қадымымен күшті формаға келдік деп ойлаймын. Тәжікстан алғаш рет әлем чемпионатына шығып жатыр, ӘЧ қатысатын әр команда мықты қарсылас деп ойлаймын.

 

Пара спортшылар Парижге аттанды

Елден бірінші болып волейболды отырып ойнау, пара үстел теннисі және пара жүзу құрамаларының спортшылары Францияға жол тартты. 17-ші жазғы Паралимпиада бәсекесіне волейболдан ұлттық құрама 28 жылдан кейін алғаш рет қатыспақ. Ал пара үстел теннисінен Қазақстан биыл алғаш рет Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды. Пара жүзу спортшылары арасында Лондон-2012 Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Сиязбек Дәлиев пен Амир Мұратбеков бар.

Еске сала кетейік, 4 жылдықтың басты додасына Қазақстан спортшылары спорттың 9 түрінен қатысады. Қоржында 33 лицензия бар.Айтулы жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

 

Арқан тартыс шеберлері алтыннан үмітті

Арқан тартыс шеберлері алтыннан үмітті. Түркі әлемі көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 16 күн қалды. Арқан тартыстан ұлттық құрама Щучинск қаласында қорытынды оқу-жаттығу жиындарында жүр. Айтулы додаға қатысатын спортшылардың есімі белгілі болды. Байрақты бәсекеде ел намысын 10 ер адам және 10 бұрымды ару қорғайды. Әр түр бойынша алаңға 8 спортшы жіберіледі. Ал 2 еуі қосалқы ойыншы. Сайыста ерлер командасының салмағы 720-дан, ал әйелдер 560 келіден аспауы керек. Айта кетейік, арқан тартыс федерациясы биыл қаңтар айында құрылды. Елдің барлық аймағында жыл басынан бері іріктеу ойындары өтті.

Айгерім Жұманова, арқан тартыстан ұлттық құрама мүшесі:

- Дайындық өте жақсы. 3 уақыт тренеровка жасаймыз. Ең алғашқы жиынымыз Өскемен қаласында өтті. 17 күн арасында. Дайындық барлығы өте жоғарғы деңгейде. Алла қаласа, бірінші орын аламыз деген ойдаймын.

Тимур Ендоянов, арқан тартыстан ұлттық құрама мүшесі:

- Мен арқан тартысқа негізі аударыспақтан келдім. Аударыспақ тартқаныма  жылдай болды. Толық күш қуат керек, аяқ-қол бәрі жұмыс істейді. Бұл спортта ақыл да, күш те екеуі де керек қой негізі. Қай жерде тарту керек, қай жерде ұстау керек.

 

Дычко мен Жалолов кәсіпқой рингте кездесуі мүмкін

Кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық Иван Дычко мен өзбекстан өкілі Баходир Жалоловтың жолы түйісуі мүмкін. Бұл туралы Джек Маккаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Америкалық спорт журналисі «Егер екеуі рингте кездессе, расымен де өте қызықты айқас болады. Дычко жылдан астам уақыт рингке шықпаған. Жалолов та әуесқойда біраз уақытын өткізіп алды. Сондықтан екеуінің арасында жекпе-жек өтуі әбден ықтимал», - деді маман.

Айта кетейік, Дычко күні кеше 14-ші жекпе-жегінде жеңіске жетті. Плант-Ситиде өткен бокс кешінде отандасымыз америкалық боксшы Крейг Льюисті нокаутқа жіберді. Ал, Баходир Жалолов жуырда ғана Олимпиада ойындарына қатысып, 2 дүркін чемпион атанды. Қос былғары қолғап шебері әуесқой бокста төрт рет кездесіп, төртеуінде де жерлесіміз жеңіске жетті.

 

Мейірім Нұрсұлтанов WBO рейтингінде бір сатыға көтерілді

Мейірім Нұрсұлтанов WBO рейтингінде бір сатыға көтерілді. Енді ол болашақта чемпиондық белбеу үшін Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуы мүмкін. Олай дейтініміз, Дүниежүзілік бокс ұйымы WBO тұжырымы аясында қолғап түйістіріп жүрген боксшылардың рейтингін жаңартты. Тізімде қазақстандықтар да бар. Мәселен, орта салмақта өнер көрсететін Мейірім бесіншіден төртінші орынға көтерілді. Рейтингтің алғашқы үштігінде Хамза Шираз, Дензел Бентли  және кіші Шейн Мозли тұр. Ал, чемпиондық белбеу қазақ Жәнібек Әлімханұлына тиесілі.

Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтановтың рингке шықпағанына тоғыз ай болды. Соңғы рет ол 2023 жылдың қарашасында чилилік Хулио Аламоспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Авторлары: Әлішер Әли, Жанаман Ерғалиев