Қазақ саятшылары байрақты бәсекеге 9 құс салады
Саятшылық – ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан балаға мирас болған өнер. Құс ұшырып, қолға қондыру көшпенділер ойындарының бағдарламасында да бар, деп хабарлайды 24kz.
Айтулы додаға тура 10 күн қалды. Байрақты бәсекеге құсбегілердің дайындығы қалай?
Әлішер Әли, тілші:
- Қазақ саятшылары байрақты бәсекеге 9 құс дайындап отыр. Қыс бойы қансонарда қырдың қызыл түлкісіне түскен қырандар, көктемгі чемпионаттардан іріктелініп алынды. Нәтижесінде құрама жасақталды. Семейлік Ерзат Байқадамов – көшпенділер ойындарына жолдама алғандардың бірі. Оның Заңғар атты бүркіті айтулы додада ел намысын қорғайды. Құс жаз бойы түлекте отырды, енді міне, күздің қоңыр салқыны келе дайындыққа көшті.
Ерзат Байқадамов, құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі:
- Енді бұл ат сияқты нәрсе емес қой, басына жүген салып, тізгінін тартып тоқтататын. Бұған енді үлкен өнер, шеберлік керек. Аспанға ұшырып, қайта шақыру деген үлкен шеберлік. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ерінбеу керек. Күн-түні бірге болу керек, өзіңді таниды, сөзіңді ұғады.
Байрақты бәсекеде саятшылар бүркіттерін екі жаттығуда сынайды. Бірі құсты қолға шақыру, ал екіншісі шырғаға салу. Артынша жеңімпаз осы қос сайыста жинаған ұпай саны бойынша анықталады. Сондай-ақ айтулы додада құсбегіліктің 3 түрінен бәсеке өтеді. Саятшылар бүркіт салудан бөлек, қаршыға мен сұнқарды да самғатады.
Ибрагим Базарбаев, құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі:
- Есімі Қарагөз, 5 жасқа тақап қалды. Бұлардың ұзақтан қолға шақырып одан кейін албайлату деген болады. Жіптін басына ет байлап қойып, оған қарғалардың қауырсындарын қоса байлап содан мына құсты шыңықтырамыз. Одан бұл құс кеудесі ашылып, жылдамдығы арта түседі.
Иә, құсбегілер сұңқар мен қаршығаны жылдамдыққа арналған жаттығуда ғана сынайды. Оның ұшу жылдамдығы жемге жіберу арқылы бағаланады. Қазір саятшылар Ақмола облысында шеберліктерін шыңдауда. Ал одан кейін байрақты бәсекеге дейін елордада жаттығады.
Қарлығаш Рамазанова, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директорының орынбасары:
- 7 қыркүйекке дейін жаттығу жиыны, 8-інен бастап жарыстарға кіріседі. Жалпы командалық 1-орын аламыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар 100-ден аса медаль, оның ішінде 40 тан астамы алтын медаль болады деген үміттеміз.
Иә, айтулы шараға тура 10 күн қалды. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Құсбегіліктен іріктеу ойындары 12-і, ал финалдық сайыс 13-і қыркүйек күні Этноауыл кешенінде өтеді.
Авторы: Әлішер Әли