Қазақстан волейбол құрамасы Паралимпиаданы сәтті бастады

Қазақстан волейбол құрамасы Паралимпиада ойындарын сәтті бастады.

Ұлттық құрама топтық кезеңдегі алғашқы матчында Франция командасын 3:0 есебімен жеңді. Енді олар екінші ойынын 31 тамызда Босния және Герцеговина құрамасына қарсы өткізеді. Еске сала кетейік, параволейболдан Париж Паралимпиадасына 8 команда қатысуда және олар екі топқа бөлінген. Қазақстан А тобында Франция, Босния және Мысыр командаларымен кездеседі. Волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама Паралимпиадаға 28 жылдан кейін алғаш рет қатысып отыр.

Ал бүгін жерлестеріміз екі сайыс түрінен жарыс жолына шығады. Атап айтар болсақ, паратаеквондодан 57 келіде Камила Досмалова кениялық Джульетта Мойпо мен сербиялық Мария Мицев жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал пара жеңіл атлетикадан, 100 метр қашықтықта аруымыз Салтанат Әбілқасымқызы бақ сынайды. Айта кетейік, спортшылармыз Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Дүбірлі дода 8 қыркүйекке дейін жалғасады.