Елімізге әлем үздіктері келе бастады
Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті.
Байрақты бәсекені Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен қорытындылады. Ал 82 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз Ислам Евлоев жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ол финалдық белдесуде әлемдік рейтингте 7-орында тұрған түркиялық балуан Альперен Белберді 9:3 есебімен ұтты. Енді еркін күрестен әлем біріншілігі басталады.
Давид Дегтярев – Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы
Ол Паралимпиада чемпионы боламын деп мақсат қойды, сол мақсатына жетті.
Жарысқа аттанар алдында қандай медаль екенін айтқан жоқ, бірақ жүлдесіз келмеймін деді, сол сөзінде тұрды. Паралимпиада ойындарының чемпионы Давид Дегтяревтің анасы Ирэна ҚазАқпаратқа берген сұхбатында осылай деді.
54 келіде сынға түсен жерлесіміз 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды.
Айта кетейік Давид – пара пауэрлифтингтен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері. Ол аталған спорт түрімен 2015 жылдан бері айналысып келеді.
Дастан Мұқашбеков – Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері
Парижде өтіп жатқан байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті.
17-ші жазғы Паралимпия ойындарында Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан F36 санатында қола медаль жеңіп алды. Ол өзінің ең үздік мүмкіндігінде ядроны 16 метрге лақтырды. Бұл – Азия құрлығының жаңа рекорды.
Айтулы додада Қазақстан құрамасы әзірге үш медаль еншіледі.
Көкпардан алтын аламыз
Көкпардан бірінші орын аламыз. Ал көкбөріден 50 де 50 болып тұрмыз.
Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев көшпенділер ойынына қатысты осылай деді.
Бас бапкер көкпардан жекпе-жекке тұратын аттар жоқ, алайда басқаша тактика қолданатынын айтты. Қазір тақымға серке басқан жігіттер Астана қаласында 6-оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Дайындық дүбірлі дода басталғанға дейін жалғасады.
Көкпар мен көкбөріден іріктеу ойындары 9, ал финалдық сайыс 12 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында өтеді. Айтулы аламанға көкбөріден 6 елдің құрамасы қатысады. Ал көкпарға – 9 ел тіркелген.
Ел біріншілігі аяқталды
Шымкентте стенд атудан ел біріншілігі аяқталды. 26 тамыздан басталған Қазақстан чемпионатына 9 өңірден 120 спортшы қатысты.
Жалпы командалық есепте бірінші орынды шымкенттік спортшылар иеленді. Жарыс қожайындары турнирде 25 медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, 9 алтын, 9 күміс және 7 қола.
Ал екінші орынға 20 медальмен Алматы қаласы тұрақтады.
Үшінші орынды Қызылорда облысының мергендері қанағат тұтты. Олардың қоржынында 15 медаль.
Қазақстанға Эрлинг Холанд келді
Манчестер сити командасының шабуылшысы өз елінің футболшыларымен бірге Алматы әуежайына қонды.
Столе Сольбаккен баптайтын Норвегия жігіттерінің арасында «Арсенал» сапындағы Мартин Эдегор, Атлетико Мадридте доп тебетін Александр Сёрлот және германияның «Лейцпиг» командасында өнер көрсететін Антонио Нуса сынды үздік ойыншылар бар.
Айта кетейік бүгін УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезең кездесулері басталады. Оның аясында ұлттық құрамамыз ең алғашқы матчын Норвегия құрамасына қарсы өткізеді.
Ойын 6 қыркүйек күні Алматыдағы орталық стадионда жергілікті уақытпен 19:00-де басталады. Ал одан кейін жерлестеріміз сырт алаңда Словенияға қарсы кездесу өткізеді.
Жұқаев ширек финалда
Бейбіт Жұқаев Шанхай турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 160-ыншы, осы жарыстың 7-ракеткасы, чилилік Томас Барриоспен бақ сынады. Кездесудің бірінші партиясында ойын тай-брейкке дейін ұласып, жерлесіміз ширақтық танытты. Ал екінші сетте Барриос есепті теңестірді. Шешуші сетті Жұқаев сәтті пайдаланды.
Үш сағат 10 минутқа созылған аса тартысты бәсеке барысында Бейбіт 16 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. Барриос болса 8 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Әлішер Әли, 24.KZ