«Астана» мен «Челси» қайда ойнайды?

Ел арасында «Астана» мен «Челси» арасындағы матчтың қайда өтетіні әлі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бірі Алматыны таңдаса, енді бірі елордада ойнаған дұрыс деп санайды. Тіпті тізімдегі стадиондардың арасында Павлодардағы жасыл алаң да бар.

Феликс, Палмер, Санчо сынды әйгілі футболшылар Қазақстанға келеді. Алайда оларды ойнататын алаңды әлі таппай жатырмыз. УЕФА-ның сайтында матч Алматыдағы Орталық стадионда өтеді деп жазылған. Бірақ бұл ресми ақпарат емес. «Сондықтан алматылықтардың қуануына әлі ерте», – дейді мамандар.

"Астана" "Челсимен" конференция лигасының 5-ші туры аясында жолығады. Ойын 12 желтоқсанға жоспарланған. Ал оған дейінгі 2 матчты Алматыда өткізбек. Ал Еуропадағы үздік клубтардың бірегейі саналатын ағылшындық «аристократтарға» қарсы матчтың әлі қайда өтетіні белгісіз.     

Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:

- «Астана» астана болғаннан кейін өз алаңында өткізу керек деп ойлаймын. Өйткені "Челсимен" болатын ойын желтоқсан айында екен. Оған дейін әлі уақыт бар және Астана Аренаның төбесі жабылатыны белгілі. Көшпенділер ойындары қарсаңында күрделі жөндеуден өтті. Астана өз алаңында ойнаған дұрыс. Неге? Өйткені «Астана» бір кездері осы алаңда өзінің тарихи жеңістеріне қол жеткізді. Еуропа лигасында болсын, чемпиондар лигасында болсын. Өздеріне ыңғайлы алаңды жақсы біледі деп айтсақ та болады. Қаншама жыл осы алаңда ойнап келе жатыр.

УЕФА-ға Астананың негізгі алаңы ретінде Алматыдағы Орталық стадион тіркелген. Ал ішкі чемпионатта қосымша Павлодардағы стадион бар. Алайда оның қазіргі инфрақұрылымы, тұтас жағдайы еурокубоктік ойындарды өткізуге жарамсыз. Яғни талапқа сай келмейді. Сондықтан қазір елордалық клуб пен УЕФА арасында «Астана Аренаны» қосалқы стадион ретінде тіркеу үшін келіссөз жүріп жатыр.           

Қайсар Бекенов, «Астана» ФК өкілі:

- Біздің ақпаратымыз бойынша Көшпенділер ойындары біткен соң жаңа футбол алаңы қараша айында салынуы тиіс. Бірақ үлгерсе де, ол алаңды куәландыру қажет УЕФА-ға. Ол мәселе де уақыт алуы мүмкін. Сондықтан толығымен ресми ақпарат беруге әлі ерте. Сондықтан оны шешу үшін Спорт министрлігі, қала әкімдігі, клуб, УЕФА – бәрі қосылып, корреспенденция жасап, бір шешімге келу керек. 

Сондай-ақ елорда тұрғындары да осыған қатысты өз ойларын білдірді.

Сауалнама:

- Егер Астанада өтсе, жақсы болушы еді. Сол шешім шығатын күнді асыға күтіп жүрміз. Себебі біз отбасымызбен «Астананың» жанкүйеріміз. Өз қаламызда өтсе, міндетті түрде көруге барамыз.

- Үлкен мүмкіндік, менің ойымша. Үлкен клуб «Челси» келеді осында. Сондықтан Павлодар да, Алматы да дұрыс емес, менің ойымша.

- Алматыда өткен тиімді болатын сияқты деп ойлаймын. Ол жақтың газоны жасанды емес. Табиғи. Стадион жаңартылған. Барлық жағдай жасалған.   

- Мен Астанаға 5 жылдан бері жанкүйермін. Сол себепті тек мен емес, өзге де фанаттар «Астананың» өз қаламызда ойнағанын қалаймыз. Оның үстіне Алматыда төбесі жабылатын стадион жоқ. Қыста қиын болады. 

«Астана Арена» өткен жылдың 24 желтоқсанында жөндеуге жабылды. Содан бері елордалық ұжым ішкі біріншіліктегі ойындардың барлығын Алматыда өткізіп жатыр.

Авторлары: Мерей Қанапия, Бағдат Қайыркен.