Қазақстан-Норвегия матчына дайындық басталды

Эрлинг Холанн бастаған Норвегия футболшылары Алматыға келді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан құрама командасы УЕФА Ұлттар Лигасы аясындағы алғашқы кездесуін дәл осы Норвегия ойыншыларына қарсы өткізеді. Бүгін футболшылар Алматының Орталық стадионында жаттығу жасады. Команда капитандары мен бас бапкерлер баспасөз мәслихатына қатысып, алдағы кездесу жөніндегі ойларымен бөлісті.

Ел құрамасының бас бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесов Норвегия мен Словенияға қарсы матчтарға 28 ойыншыны шақыртқан. Құрама сапына «Тобыл» қақпашысы Стас Покатилов қосылып отыр. Данияның «Силькеборг» клубының қорғаушысы Рамазан Оразов та алаңға шығуы мүмкін. Команда капитаны Асхат Тағыбергеннің айтуынша, жігіттер матчқа тас-түйін дайын.

Асхат Тағыберген, футболдан Қазақстан құрама командасының капитаны:

- Бас бапкер ғана ауысты ғой. Балалар ауысқан жоқ қой көбі. Өзіміз жанұя ретінде халқымыз үшін, еліміз үшін намысын қорғауға тырысамыз.

Түстен кейін Орталық стадиондағы жаттығуға ағылшын премьер-лигасының сұрмергені Эрлинг Холанн бастаған норвегиялық ойыншылар шықты. Қазір Холанн нағыз бабында. Одан бөлек, Мартин Эдегор, Александер Серлот сынды шеберлер бар. Дегенмен норвегиялық бапкер топтан әр команданың шыға алатынын айтты.  

Столе Сольбаккен, футболдан Норвегия құрама командасының бас бапкері:

- Қарсыласымыздың ойыншыларын білеміз. Бұған дейін Қазақстанның Дания мен Финляндияны жеңгенін көрдік. Жақсы нәтиже деп санаймын. Сондықтан бұл кездесу бізге оңайға соқпайды. Бірақ мақсатымыз жеңіс қана.

В3 тобында Словения мен Австрия құрамалары да бар. Ал Норвегиямен болатын матч ертең кешкі сағат 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді. Футболшыларымызға жеңіс тілейміз.

Авторлары: А. Садуақас. М. Құдықбаев.